Сұлтан Сарсемалиев соңғы сөзінде 25 жылға соттауды сұрады
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда төрт адамның өліміне қатысты айыпталып отырған Сұлтан Сарсемалиев соттағы соңғы сөзінде өзіне тағылған 13 эпизод бойынша айыбын мойындайтынын айтып, өмір бойына бас бостандығынан айырудың орнына 25 жыл мерзімге соттауды сұрады.
Соттағы соңғы сөзінде айыпталушы жасаған ісіне өкініш білдіріп, оқиғаның мұндай қайғылы жағдайға ұласатынын болжамағанын айтты.
– Ешкім адамнан айуан болып тумайды. Отбасымды сақтаймын деген іс-әрекетім уақыт өте асқынып, күрделі күреске, арты осы қанды қасіретке әкелетінін болжаған жоқпын. Темірді өз тоты, ал адамды өзінің ішіндегі уайым-қайғысы мен кегі жейді. 13 эпизодтың бәрін де мойындаймын, таласым жоқ. Мемлекет пен Құдайдың алдында ғана жауап беремін, – деді Сұлтан Сарсемалиев.
Сөзінің соңында ол соттан өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын емес, белгілі бір мерзімге жаза тағайындауды сұрады.
– Сұраудың өзі орынсыз шығар, шекті мерзімге жаза тағайындауды сұраймын. Ең болмаса балаларыма деген үмітімді өшірмеңіз. Солар үшін өмір сүруге мүмкіндік беріңіз. Мәңгілікке де дайынмын. Бірақ мемлекет жеке адам емес, кек қумайды ғой. Ізгілік, мейірімділік болар, – деді айыпталушы.
Айта кетейік, сот жарыссөзі мен айыпталушының соңғы сөзі аяқталғаннан кейін судья кеңесу бөлмесіне кетті. Үкімнің нақты қай күні жарияланатыны әзірге белгісіз.
Жарыссөзде мемлекеттік айыптаушы соттан Сұлтан Сарсемалиевті өмір бойына бостандығынан айыруды сұрады
Марқұмдардың туыстары да прокурордың сөзімен келісіп, бүтін бір шаңырақты ортасына түсірген күйеу балаға әділ жаза беруді сұрады. Жарыссөзде айыпталушының адвокаты қылмыстың себебін Сұлтан Сарсемалиевтің психологиялық жай-күйінің нашарлауымен байланыстырды.
Айыпталушының адвокаты Асан Жұмабаев қорғау сөзінде Сұлтан Сарсемалиев қылмыс жасаған сәтте ұзақ уақыт бойы жиналған психоэмоциялық қысымның әсерінен әрекет еткенін айтты.
– Оның бойында жиналған ашу-ыза шегіне жетіп, ұзақ уақыт бойы созылмалы стресс пен психоэмоциялық қысымда болғандықтан жарылыс берді. Сол сәтте ол өз әрекеттеріне толық есеп бере алмайтын қатты жан күйзелісі жағдайында болды. Ғылыми тілде мұны ұзақ уақыт жиналған ашу-ызадан туындайтын кумулятивті аффект деп қарауға болады, – деді адвокат Асан Жұмабаев.
Айта кетейік, Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты «бұрынғы күйеуі Сұлтан Сарсемалиевтің аса ауыр қылмысын жасырды» деген күдік расталмады. Тергеу барысында оның кінәсі дәлелденбей, қылмыстық іс тоқтатылды.
Бұған дейін Сұлтан Сарсемалиевке тағылған айыптарға қосымша жаңа баптар енгізіліп, қатаңдатылғанын жазған едік.