Сұлтан Сарсемалиевтің соттағы күлкісі жаза тағайындау кезінде ескерілді
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырауда төрт адамды өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған Сұлтан Сарсемалиевтің сот процесі кезіндегі мінез-құлқы жаза тағайындау барысында ескерілген.
Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы Зарема Хамидуллина үкімді түсіндіру кезінде айыпталушының сот отырыстары барысында жәбірленуші тараптың сөздеріне күліп отырғанын атап өтті.
— Сарсемалиев, сіз процесс барысында және қазірдің өзінде күлкіңізді жия алмай отырсыз. Мінез-құлқыңызды сот толық ескерді. Жәбірленуші тараптың сөздеріне күліп отырғаныңызға сот жаза тағайындау кезінде баға беріп, ескерді, — деді судья.
Судьяның айтуынша, бұл қылмыс тек жәбірленушілердің отбасына емес, бүкіл қоғамға ауыр моральдық соққы болған.
— Қандай да бір ашу орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін. Бір отбасын толыққанды қасақана қазаға ұшырату — қоғамға жасалған моральдық ауыр соққы. Қоғам арасында үрей қалыптасты, — деді Зарема Хамидуллина.
Еске салайық, бүгін, 2026 жылғы 14 шілдеде қоғамды дүр сілкіндірген қанды қылмысқа нүкте қойылды. Сұлтан Сарсемалиевтің кінәсі толық дәлелденіп, ол өмір бойына сотталды.