Сұлу сөздің сүлейі - Сәкен сері

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ әдебиетінің алтын қорына өзінің өшпес шығармаларымен олжа салған қабырғалы қаламгер, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәкен Жүнісовтің туғанына биыл 80 жыл толуы елімізде кеңінен аталып өтілуде. Халқымыз сұлу сөздің сүлейі Сәкен серіні сағынып қалғандай. Оның қуатты қаламынан туған өшпес шығармаларын бірнеше ұрпақ жата-жастана оқып, сөз зергерінің қайсар талантына тәнті болған.

Сұлу сөздің сүлейі - Сәкен сері

Қазақ әдебиетінде өзіне ғана тән талантты шығармашылығымен, кең тынысты суреткерлігімен танылып, қайталана бермес бірегей туындылар берген қаламгерлер шоғырындағы Сәкен Нұрмақұлы Жүнісов 1934 жылдың 1 ақпанында, Көкшетау облысы, Қызылту ауданы, Кішкенекөл ауылында дүниеге келді. Ол Қазақтың мемлекеттік университетінің филология факультетінде оқып жүргенде-ақ әдебиетке деген құмарлығымен көзге түскен. Алғашқы туындысы - «Бір шофердің әңгімесі» атты балаларға арналған шағын әңгімесі республикалық «Қазақстан пионері» газетінде 1953 жылы жарияланған. Алғашқы кітапшасы да балаларға арналып «Сонарда» деген атпен шыққан.

Сәкеннің. "Жапандағы жалғыз үй" романы (1965) кезінде қазақ әдебиетіндегі елеулі құбылыс ретінде бағаланды. Мұнда тың игеру кезіндегі қазақ даласындағы әлеуметтік қайшылықтар алғаш рет көркем шығарма арқауына айналған. Жазушы халықты тоғайтуда тың игерудің елеулі рөл атқаруымен қатар заманның, уақыттың адамға, оның тағдырына қайшылықты әсер етіп жатқанын жан- жақты тереңдей ашып көрсетеді. Бүгінде көріп отырғанымыздай, оның игі ықпалымен қатар әкелген зияны да мол болғаны белгілі. Алғашқы сәтте мол өнімге малданып, бір ғана егін шаруашылығымен айналысудың салдары мен халқымыз ежелден айналысып келе жатқан мал шаруашылығын тұралатқанын, ұзақ жылдар бойы үздіксіз пайдаланғандықтан жер құнарын төмендетіп, "жел эрозиясының" зардаптарын жоюдың қандай қиындықтарға ұрындырғанын білеміз. Ол кездегі жас жазушы осы қиындықтардың біразын болжай алған. Тың игеруге келгендердің арасында өктем мінезбен келген жандар да аз болмаған. Бүкіл Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен ағылған сан ұлт өкілдерінің көбеюі айналып келгенде, жергілікті қазақ ұлтының азшылыққа айналуы, қазақ мүддесінің аяққа тапталуы, қазақ мектептерінің жаппай жабыла бастауы сияқты әлеуметтік қайшылықтар да бел ала бастаған еді. Жазушы мұның барлығын ашып айтпағанмен, көркем тілмен кестелеп, сары майдан қыл суырғандай, шебер жеткізе білген. Осындай проблемаларды өмірі осы өлкеде өсіп, жергілікті халықтың салт-санасын бойына сіңіріп, тілін де жетік игерген, Күргерей қарттың пікірі арқылы айқындай түседі. Оның өзіндік себебі де бар. Егер бұл сөздерді жергілікті ұлт өкілдеріне айтқызса "ұлтшылдық" делініп, романның мүлде басылмай қалуы да мүмкін еді. Түрлі шегіністер мен естеліктер, даланың өткен тарихы, адамдар тағдырының тоғысы арқылы оқиға желісін ширата түскен.

Жазушының бұдан кейінгі көрнекті эпикалық шығармасы екі томдық "Ақан сері" дилогиясы. Әрине, қазақ әдебиетінде өнер адамдарына арналған қарымды шығармалар аз емес. М. Әуезовтың "Абай жолы" эпопеясы, Д.Әбілевтің С. Торайғыров туралы "Ақын арманы" (1965), "Арман жолында" (1969), "Баянауыл баурайында" (1975) деп аталатын трилогиясы, Ә.Әбішевтің "Найзағай"романы, З.Ақышевтің "Жаяу Мұсасы", С.Мұқановтың Шоқан Уәлихановтің өмір жолын баяндаған "Аққан жұлдыз" романы, Ж.Мусиннің "Балқадишасы" және т.б. көптеген шығармалар бар. Солардың қатарында Ақан сері туралы көлемді эпикалық шығарма жазу екінің бірінің қолынан келмес еді. Бұл арада көкшелік екі дарынды тұтастырып тұрған заңдылық та жоқ емес. Бұл орайда көкшетаулық белгілі қаламгер Төлеген Қажыбай былай дейді: "Бұл тақырыпқа Сәкен Жүнісовтің баруы кездейсоқтық па, әлде көбіміз біле бермейтін бір заңдылық бар ма деген сауалдарға жауап іздеп көрелікші. Меніңше, заңдылық бар, бұл заңдылық Сәкеннің ішкі творчестволық таным-түйсігімен Ақанға біртабан жақын характерлік үйлесімділігі дер едім".

Кезінде заңғар жазушымыз Ғабит Мүсірепов Сәкенге "Мен Ақан сері- Ақтоқты" пьесасын жаздым. Енді бұл тақырыпты сен жалғастырып, Ақан серіні жазсаң қайтеді" деген көрінеді. Сәкен бұл аманатты қал-қадерінше ақтауға тырысқан. Өйткені, Сәкенге "сері" деген атауды да берген Ғабең көрінеді. Өзі де сегіз қырлы бір сырлы, өлең де айтып, ән шығара алатын, домбыра тартып күй шертетін, сөйлесе шешен, Сәкеннің өзі де айтса айтқандай, сері болатын. Өкінішке орай, Сәкен бұл көлемді кесек туындының соңғы кітабын аяқтай алмады, нағыз шығармашылық кемел шағында өмірден озды. Жазушы өнерде жарқын із қалдырған ақын, әнші-композитор Ақан сері Қорамсаұлының әдебиеттегі көркем образын сомдаған бұл дилогияда шығармашылық адамның қоғамдағы жеке трагедиясына ғана бойлап қоймай, ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ қоғамындағы әлеуметтік қарым-қатынастарды терең қопара көрсетіп берді. Жазушы қаламынан туған ендігі бір айтулы туынды "Аманай мен Заманай" романы жиырмасыншы ғасырдың басындағы ел айырылған зобалаң шақтың шындығы... Жиырмасыншы жылдардағы ақ пен қызыл тартысы, ұжымдастыру, қызыл қырғыннан шетел асып бас сауғалаған қазақ жұртының трагедиялық азапты ғұмыры осы шығармаға арқау болған. Осындай аласапыран заманда ауа көшкен Балзия ел ауған шақта іште жатқан Заманайының баласы - Аманайды туған жеріне жеткізіп барып, өмірмен қоштасады. Сол бір тар жол, тайғақ кешулерден бүгінгі заман көшіне сенделіп келіп қосылған Аманай бала қыруар жұрттан тірі қалған жетім бала, бүтін бір әулеттің, қуғынға ұшыраған өңір халқының соңғы тұяғы екен. Романның желісімен "Заманай" көркем фильмі түсірілді.

Сәкен Жүнісовтің шығармашылығынан мол орын алған Абылайхан бейнесі арқылы да Сәкен Көкше тағдырын толғады. Замана сырына терең үңілген жазушы хан заманы мен замандастары туралы көп ізденіп, талай публицистикалық дүниелермен қатар, толғау, эсселерін жазып, Қарауыл Қанай би, Бұқар жырау, Қабанбай мен Бөгенбай батырлар туралы толғамды ойларын ортаға салды. Келесі романның сұлбасы даярланған сәтте Елбасы тапсырмасымен Абылайхан туралы киносценарий жазуға кірісіп, оны абыроймен орындап шықты. Оның мәтіні 1997 жылы "Жұлдыз" журналында жарияланды да. Алайда ұлы қаламгердің бұл еңбегі әртүрлі жағдайлармен өзгерістерге ұшырап, қолды болды.

Жазушының творчестволық тұрғыдан ендігі бір құнарлы өрістерінің бірі - драматургия саласы болды. С. Жүнісовтің "Ажар мен ажал" (1967), "Тұтқындар" (1972), "Жаралы гүлдер" (1973), "Қызым, саған айтам" (1973), "Қос анар" (1974), "Әр үйдің еркесі" (1975), "Қысылғаннан қыз болдық" (1976), "Кроссворд" (1981), "Елім-ай", "Сабалақ Абылай", "Сәукеле", тағы басқа пьесалары республикалық және облыс театрлары сахналарында қойылған.

Сәкен Жүнісов - әдебиет пен театрдың келелі мәселелерін қозғаған жүзге жуық зерттеулер мен сын мақалалардың авторы. Драматург-жазушы өз шығармаларында мінез-құлық өрбітуде, тартыс-талас құруда, кейіпкерлерінің ішкі-сыртқы әлемін даралауда, олардың аузына сөз салуда еш мүдірген емес. Халқының әдет-ғұрпын, салт-санасын, дәстүр-дағдысын, жетік білетіндігі айрықша көзге ұрып жатады. Дүниетанымының кеңдігі, философиялық топшылау деңгейі оны замандастарына етене ете түсті. Жазушы, драматург жастар өміріне көбірек ден қойды. Өз замандастарының тұрмыс жағдайына қатты мән берді. Соның арқасында қазақ көрермені Рәзия, Шәрипа, Бақыт, Баттал, Қарасай сынды сахналық кейіпкерлерімен жүздесті. Кезінде Әуезовтей заңғар драматургтің аспиранты атанған, жалғыз академиялық драма театрының көп жылдар бойы әдеби бөлімін басқарған Сәкен Жүнісов шығармашылығының сахна сырын меңгеруде алғашқы саптан көрінуі заңды үдеріс. Мұхаң, Сәбең, Ғабең сияқты алыптармен аралас-құралас болып, соңына ерген Сәкен кейіннен "Кемеңгер мен көлеңкелер" деген драма да жазды. "Сәкен драматургиясында артистизм элементтері басым болып жатады. Ол оның - жазушының жеке басынан, болмыс бітімінен туындайтын қасиет. Қаламгер табиғаты - тұнған драма іспетті. Туа бітті осындай табиғи қасиеттің күшінен де ол қалам, қағаз «сырқатына» ұшыраған шығармашылық тұлға. Сөз жоқ, ол - қалам ұстамаған жағдайдың өзінде не артист, не режиссер, не әнші болары басы ашық құбылыс", дейді белгілі театр сыншысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әшірбек Сығай. «Сәкен Сері - Ел жайында. Ел - Сәкен Сері жайында» деген кітапта.

Жүнісов көркем аударма саласында да жемісті еңбек етіп, Л.Толстойдың, П.Федоровтың, В.Кочетовтың, С.Цвейгтің, О.Гончардың шығармаларын қазақ тіліне аударған.

Өзі де текті жерден шыққан Сәкеңнің ірі болмайтын жайы жоқ еді. Елдегі қариялардың айтуына қарағанда, Сәкен өз әкесі Нұрмақтан гөрі, арғы атасы Жүніске көбірек ұқсайтын көрінеді. Жүніс ұзын бойлы, атжақты, қыр мұрынды, қыран қабақты, екі иығына екі кісі мінгендей еңгезердей кісі болыпты. Сонысына қарамай жылдам, ыңғайлы болған деседі. Ел ішінде оқыс оқиғалар болмай тұрмайды. Біреу суға кетіп бара жатса, енді біреуі өрт ішінде қалса - алды-артына қарамай қойып кетіп, ақыры құтқарып алып шығатын жарықтық Жүкең екен. Сәкеңнің, әсіресе, мінез жағы осы атасына тартыпты. Өзі әкесі Нұрмақ бүкіл ғұмырын ағартушылық жолында сарп еткен, оқымысты һәм қайырымды кісі болыпты. Анасы Мағрипа да ұстаздық еткен, көзі ашық кісі болатын. Бертініректе дүние салды.

Биыл жазушының туғанына 80 жыл толуына орай, еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі еске алу шаралары өтіп жатыр. Осындай игілікті шара жақында Астана қалалық Тіл басқармасының ұйымдастыруымен Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ драма театрында да болды. Сәкеннің шығармашылығы, жеке азаматтық қасиеттері жөнінде бұл кеште біраз сырдың тиегі ағытылды. Кеш барысында оның қаламдас інілері ҚР Парламенті Сенатының депутаты Жабал Ерғалиев, ақын Серік Тұрғынбекұлы, Төлеген Қажыбай, Жазушылар одағының Астана бөлімшесінің төрағасы Несіпбек Айтұлы тағылымды әңгіме шертіп, халық әртісі Қайрат Байбосынов, дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали әнмен өрнектеді. Жиынға С.Жүнісовтің ұлы - Жанбота, немерелері - Әмір мен Әлихан және қарындасы Роза қонақ болды. Осы жерде қарындасы Роза Жүнісованың Сәкен серіні ел есінде қалдыру жөнінде көптеген шараларға мұрындық, жоқшы болып жүргенін де айта кеткен жөн.

Мереке барысында көпшілік театр әртістерінің сомдауымен Сәкеннің «Қысылғаннан қыз болдық» драмасынан және жазушы туралы түсірілген деректі фильмнен үзінді тамашалады. Сонымен қатар, қаламгердің кітаптарынан көрме ұйымдастырылды. Көкшетаудан "Жер шоқтығы" деген әдеби-мәдени және қоғамдық журнал шығады екен. Осы журнал жазушы мерейтойына орай арнайы нөмір әзірлеп, жазушының суреткерлік сипатына арналған мақалалар шоғырын берген. Төлеген Қажыбай басқарған осы журнал редакциясына жұртшылық ризашылықтарын білдіріп жатты.

Бүдан бұрын бір-екі жыл турасында елордада оның өзі тұрған үйге ескерткіш тақтасы орнатылған еді. Дегенмен, жазушының есімін мәңгілік есте қалдыру үшін Көкшетауда ескерткішін орнатып, мектептерге есімі берілсе деген тілектер де басқосуларда айтылып жүр.

Осы арада сөз реті келгенде, айта кететін жайт: Сәкендей классикке айналған қаламгерге бұдан үлкен құрмет көрсетіліп жатса жөн болар еді. Астанадағы Қуанышбаев театрының залы шағын ғана екен. Осы мерейтой үстінде оның 80 жылдығын бұдан да салтанатты етіп, республиканың қоғамдық жұртшылығын кеңінен қатыстыра отырып, ауқымды шара ретінде өткізсе, жазушының таңдамалы шығармалары жинағын шығарса деген тілек көңілде қалды.

Әрине, жазушының шығармашылығын баяндауға бір мақаланың аясы тарлық ететіні сөзсіз. Сәкен шығармалары диссертациялық еңбектердің де нысанасына айналып жатқанын интернетті ақтарып отырғанда байқадық. Бұл орайдағы тиісті сөздерді әдебиет сыншылары, белгілі қаламдас замандастары мен інілері айтар деген ойдамыз.

P.S. Мақаланы әзірлеу барысында Аманжол Есмағұлов, Сәбит Жәмек сияқты көкшетаулық ғалымдардың зерттеулері, белгілі ақын Серік Тұрғынбековтің естеліктері, интернет материалдары пайдаланылғанын оқырман қауымның қаперіне салғымыз келеді.
                                       
                                                                                                                                                   Сайлау Абылаев

 

43 ел қатысқан стенд атудан Әлем кубогі Қазақстанда өтіп жатыр
Ұқсас жаңалықтар

43 ел қатысқан стенд атудан Әлем кубогі Қазақстанда өтіп жатыр