Сұлулық салонында пластикалық операция жасайтындар көбейді — хирург
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Қазір екінің бірі пластикалық операция жасатуға бейім. Әсіресе, бұл қадамға үнемі сұлу болып қалғысы келетін қыз-келіншектер барады. Оның адам денсаулығына зияны бар ма, қандай жағдайда жасауға болмайды? Осы және өзге сұрақтарға пластикалық хирург Гүлмира Қобландина жауап берді.

— Пластикалық хирургия — медицинадағы жаңа салалардың бірі. Оның қоғамдағы рөлі қандай?
— Пластикалық операцияның негізгі екі түрі бар: реконструктивті және эстетикалық. Реконструктивті операциялар денесінде туабітті кемістігі бар адамдарға немесе абайсызда болған жарақаттың зардабы дұрыс жазылуы үшін жасалады. Мысалы, халық арасында «қоян ерін, қасқыр таңдай, қоянжырық» деп аталып кеткен ақауларға реконструктивті операция жасалады. Ал эстетикалық операция жасау арқылы пластикалық хирург өз келбетін өзгерткісі келетіндерге көмектеседі. Біздің клиника эстетикалық пластикалық хирургиямен айналысады.

— Қазір беттің әжімін тарту, көздің қабағын жасау, қалқан құлақты, қисық мұрынды түзететін орталықтардың саны артты. Қалай ойлайсыз пластикалық операция жасау сәнге айналып бара ма?
— Жоқ. Трендке айналды деп ойламаймын. Бұрын, қыз-келіншектер операция жасатқысы келседе мамандар аз болды, сондықтан эстетикалық операцияларды халық тек теледидардан көретін. Бірақ, соңғы он жылда эстетикалық хирургия қарқынды дамып келеді. Осы уақыт ішінде аталған операциялары жасаумен айналысатын орталықтар арасында бақталастық пайда болды. Қазіргі таңда біз кәсіби біліктілігімізді көтеру үшін шет елдің алдыңғы қатарлы клиникаларында білім алмасып, тәжірибеден өтіп жүрміз. Өмір заңдылығы бойынша бақталастық бар жерде өсу, өркендеу болады. Сапасы артады, сұраныс жоғарылайды. Сондай-ақ, мамандар білімін жетілдіре түседі. Әрине, пластикалық хирургия дамыған сайын сұраныс та өсе береді. Қазір қыз-келіншектер өздеріне ерекше көңіл бөле бастады. Дене бітімін жақсартып, әдемі болып жүргісі келеді.

— Өзіңіз қызмет ететін клиникада пластикалық отаның қандай әдістері қолданылады?
— Пластикалық операция жасайтын әр клиниканың өзіндік әдіс, тәсілі болады. Мәселен, біздің орталық Оңтүстік Кореяның стилін қолданады. Неге? Өйткені, ол елде бір хирург ары кеткенде екі түрлі ғана операцияны меңгерген. Қазақстанда бір хирург бет, көз, кеуде және басқа да операция түрлерін жасай береді. Сондықтан біз осы бағытты ұстанып, жоғары мақсатты мамандарды дайындауды мақсат еттік. Дәрігерлер жылына 3-4 рет шетелде тәжірибе алмасады. Мысалы, біздің клиникада 10 шақты хирург жұмыс істейді және блефаропластика, фэйслифтинг (бетті тарту), ринопластика (мұрын пластикасы), маммопластика (омырау пластикасы), абдоминопластика (іш тарту) оталары жасалады.
— Көбіне қанша жастағылар жүгінеді?
— Пластикалық отаны жасатудың нақты белгіленген жасы жоқ. Кәмелетке толған кез келген адамға болады. Көп жағдайда шектеу науқастардың денсаулығына байланысты. Мысалы: ішті тарту отасына 18 бен 52 жас арасындағы қыз-келіншектерді аламыз, сонымен қоса шектеу ол артық салмақ бойынша. Бетті тарту операциясына 35-65 жастағылар жүгінеді. 18-40 жастағы қыз-келіншектер көбіне маммопластика мен ринопластикаға келеді. Ал, кейде бір пациентке 2-3 түрлі ота бір мезетте істеледі.
— Күніне бет әлпетін өзгерткісі келетін қанша адам келеді?
— Күніне 5-8 пациентті қабылдаймыз. Бір айда шамамен 100-ден астам адамға қызмет көрсетеміз. Әр клиенттің жағдайын жіті қадағалап, қалауын орындаймыз.

— Жасалған операцияларға кепілдік бересіздер ме?
— Пластикалық хирургия — бұл өте үлкен тәртіп. Әрине, жауапкершілік жүктелген. Бірақ, кепілдік беру қиын. Себебі медицинада кепілдік жоқ. Өйткені, келген пациент тауар емес, операция да тауарға жатпайды. Көп жағдайда отаның нәтижесі науқастың анатомиялық ерекшелігіне, оның отаға моральдық тұрғыда дайындығына, отадан кейінгі енбек-шара нұсқауларын сақтағанына және дәрігердің отаны жасауына байланысты. Сондай-ақ операциядан кейінгі оңалту шараларының орындалуы маңызды. Сондықтан кепілдік берілмейді. Бірақ, операцияның санитарлық нормаға сәйкес өтуіне, адамның процедураға дайын екеніне және операциядан кейін медициналық көмек көрсетуге кепілдік беріледі.
— Жас көрінем деп керісінше табиғи сұлулығынан айрылып қалмай ма?
— Қазір нәзік жандар шынайлыққа жақын, табиғи сұлулыққтан алшақ болмайтындай нәтижені талап етеді. Арасында келбетін адам танымастай өзгерткісі келетіндер де кездеседі. Ондай кезде біз пациентке түсіндіруге тырысамыз немесе ота жасаудан бас тартамыз.
— Ер адамдар арасындағы танымал ота қандай?
— Әрине, пластикалық отаның негізгі бөлігін әйел адамдар жасатады. Бірақ, қазіргі уақытта ер адамдар да пластикалық хирургияға жиі жүгіне бастады. Ерлердің көп сұрайтыны — қисық мұрынды түзету. Бұдан бөлек, қабағын алдыруға, көз астындағы ісігін кетіруге, мимикалық әжімдерді тарттыруға келеді.

— Қазір қыз-келіншектер артық салмақтан құтылу үшін операция жасатады. Өкінішке қарай, іштегі майдан арыламын деп ажал құшқандар да бар. Кәсіби маман ретінде айтыңызшы, оған не себеп болуы мүмкін?
— Қайғылы жағдайлар болып жатады. Біріншіден, науқастың дұрыс дайындалмауы, екіншіден, операция алдында медициналық тексерістен толық өтпеуі, үшіншіден операцияның жасалуына байланысты. Бұл — күрделі ота. Сондықтан жасқа қатысты шектеу болғаны абзал. Жоғарыда атап өткенімдей, біз 52 жастан асқан адамдарға мұндай операция жасамаймыз. Сондай-ақ салмағы жоғары болса да бас тартамыз. Өйткені, қауіп жоғары болады. Ота жасатар алдында пациент дәрігерді дұрыс таңдауы керек. Қазір ғаламтордың дамыған уақыты. Түрлі пікірлерге, клиниканың статусына мән берген жөн. Одан бөлек сол дәрігерден кеңес алса да артық етпейді. Барлығына аса мұқият, ыждағаттылықпен қараған абзал.
— Жасыратыны жоқ, қазір сұлулық салондарында да шағын пластикалық операциялар жасалып жүр, бұл қаншалықты дұрыс?
— Дұрыс емес. Кез келген операция — тәуекел. Операция барысында түрлі жағдай болады. Салондарда адамға көмектесетін медицина мамандары, керекті дәрі-дәрмек пен аппараттар да жоқ. Сондықтан нәзік жандар денсаулығына, өміріне қауіп төндіретін жерлерге бармағаны дұрыс. Бізде лицензиясы жоқ мамандар салондарда, жеке клинкаларда операция жасайды. Мұны Денсаулық сақтау министрлігі жіті бақылауы керек деп ойлаймын. Арнайы лицензиясы, білімі жоқ шетелдіктер келіп операция жасап, қалтасын қампайтып кетеді. Неге? Өйткені, оны ешкім қадағалап жатқан жоқ. Бұл — үлкен проблема.

— Қазір біздің елде интимді хирургия сұранысқа ие болып жатыр екен. Сіздің ойыңызды білсек…
— Интимдік пластикалық хирургия — әйелдің жыныс мүшелерінің функциясын ғана емес, эстетикасын қалпына келтіру мүмкіндігі. Біздің қазақ әйелдері өмірге көп бала әкеледі. Сәйкесінше, денсаулығы нашарлайды. Бұл тек жыныстық қатынас үшін ғана жасалатын операция емес. Жалпы, әйелдің денсаулығын қалпына келтіруге арналған операциялар. Бүкіл қыз-келіншектерге міндетті түрде жасауына кеңес беретін едім. Дені сау анадан дені сау ұрпақ туады. Дәрігер ретінде мұны қолдаймын.