Сұм соғыс енді ешқашан қайталанбаса екен – қарт майдангер Балғымбай Келменбетов

АТЫ. 10 мамыр. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Ұлы Отан соғысына 1942 жылы 17 жасында аттанып, Калининград облысындағы 1-ші Белорусь майданында Старая Русь, Невель қалаларын,
None
None

содан кейін 2-ші Украина майданының "Катюша" реактивтi бөлiмiнде барлаушы, аға-сержант бола жүріп Киев, Харьков, Тирасполь қалаларын, сонымен қатар 1-ші Белорусь майданының құрамында София, Вена, Прага, Югославияны, Албанияны жаудан азат етуге қатысқан, қан майданды Берлинде аяқтаған қарт майдангер Балғымбай Келменбетовпен болған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

- Еркек кіндіктіден бір үйдің жалғызы екенсіз, 17 жасыңызда майданға аттануыңызға түрткі болған не нәрсе?

- Менің әкем 1940 жылы қайтыс болып кеткен еді. Отбасымызда 3 қыз, 1 ұл бала болдық. Соғыстың алғашқы кезінде басқыншылар күн сайын ішке ілгерілеп келе жатқанын бәріміз де естіп-біліп отырдық. Сондықтан ел басына ауыр күн туған кезде өзге ер-азаматтар сияқты мен де Кеңес одағының азаматы ретінде өз Отанымды қорғауға атсалысуды парыз санап, сұранып 1942 жылы Жамбыл облысының Қордай ауданынан әскерге алындым. Алғашқы кезде бізді соғыс кезінде ішкері жақтан көшірілген Ашхабад қаласындағы Орлов жаяу әскер училищесiне оқуға жіберді. Сол себепті 3 айдан соң «соғысқа өз еркімен баратындар бар ма?» деп сұрағанда, Отардан барған 8 жігіт түгел майданға сұрандық. Бiздi алдымен Мәскеу қаласының түбiндегi Орехово-Зуево деген қалаға апарды. Онда 1-ші белорусь майданы қайта құрылып жатыр екен.

- 1943 жылы соғысқа алғаш кірген кезде бойыңызды қандай да бір үрей биледі ме? Қанша айтқанмен бір үйдің шаңырығын құлатпай, түтінін түтету сіздің мойныңызға үлкен жауапкершілік жүктеді ғой.

- Шынымды айтсам ол кезде бұл туралы ойлауға мұршам болған жоқ. Көкейде тек жауды жеңсек деген бір ғана мақсат қана болды. Соғыс кезінде мені 5 адамның бірі етіп дивизияға барлаушы етіп жіберді. Алдымен Калининград облысындағы Великие Луки, Невель қалаларын азат етуге қатыстым. Невельде снаряд жарықшасынан жараланып, госпитальге түстiм. Калиноградта 1-2 күн жатқан соң Волганың бойындағы автозауытта орналасқан басқа госпитальға ауыстырды. Аяғымның жарасы қалпына келмей не елге, не соғысқа жібермей сонда үш ай жаттым. Бірде соғысқа адам алып жүрген бір аға сержанттан «қайдан келдің» деп сұрасам, Алматыданмын дейді. Онда жерлес екенбіз деп, жағдайымды айтып мені ала кет деп оның таңдап алған 20 адамына 21-ші болып ілесіп кеттім. Мәскеу түбінде 28-ші гвардиялық дивизия қайта жасақталып жатыр екен. Мені алғашқыда асханаға апарып картоп тазалатып қойды. Онда ерекше бөлімдегілер 2 апта бойы «неге қайтып келдің» деп сұрақ-жауапқа тартты. Содан кейін госпитальден құжатым келген соң 47-ші полкке жіберді. Онда офицерлер «сен бұрын барлаушы болған екенсің енді артилерияға барлаушы болып, жаудың орналасқан жерінің кординациясын беріп тұрасың» деді. Біз алғы шептен 800 метр жерде жатып, дүрбімен жау әскері мен оның әскери техникаларының орналасқан жері туралы телефонмен мәлімет беріп тұрдық. Бұл өте жауапты жұмыс болатын. Өйткені қате мәлімет берсең өз әскеріміздің оқ астында қалуы немесе жауға бағытталған артиллерия снарядтары босқа ысырап болуы мүмкін еді. Жалпы мұндай жағдай сирек болса да кейбір полктерде орын алып, барлаушылардың жазаланып қалған кездері болды. Құдайға шүкір, бізде ондай жәйт бірде-бір рет болмады. Кординацияны дәл береді деп дивизиядағылар әрдайым құрмет көрсетіп, біздің абырой-беделімізді асырды. Соның нәтижесінде Кеңес армиясының штаб бастығы Рокоссовский де: «Жарайсың қазақ!», - деп арқамнан қаққан кездері де болды. Тіпті Сталиннің атынан алғыс хат та алдым. Бұл әрине мерейімді өсіріп, өзге ұлт пен ұлыс өкілдерінің арасында қазақтың абыройын көтеруге титтей болса да үлес қоса алғаным үшін кеудемді қуанышқа кенелтті.

- Украина, Румыния, Венгрия, Чехославкия, Болгария, Албания, Австрия, Югославакия, Германия елдерін фашистерден азат етуге қатысыпсыз. Майдандағы көрсеткен ерліктеріңіз қаншалықты бағаланды?

- 28-ші гвардиялық дивизиядан кейін біздің полкті генерал Талбухин жетекшілік ететін 2-ші Украина майданына жіберді. Бұл майданда Киев, Харьков, Тирасполь қалаларын азат еттік. Одан кейін Румынияның Яссы, Венгрияның Будапешт, Чехославакияның Прага, Болгарияның София, Астрияның Вена, Германияның Берлин қалаларын жаудан босатып, Вислаға дейін бардық. Сондай-ақ полк командирiнiң бұйрығымен түнде қоршаудағы ленинградтықтарға 1 ай «кукурузниктен» түнде адам басына 25 грамнан өлшенген нан тастаушы болдым. Соғыста ешкім де ерлік көрсетіп, орден-медаль алуды ойлаған жоқ. Бәріміз тек жауды жеңіп, отбасымызға аман-есен оралуды ғана алдымызға мақсат етіп қойдық. Сондықтан ол кезде «біздің бұл ерлігіміз бағаланбай қалады» деген ой оңіміз түгіл түсімізге енген жоқ. Өз басым соғысқа қатысқандардың бәрін батыр деп санаймын. Өйткені ешкім жеке-дара батыр бола алмайды. Онда бес саусақтың жұдырық боп түйілгені сияқты ортақ жауға бәріміз жұмыла отырып, қарсы тұрудың арқасында ұлы жеңіске қол жеткіздік.

Біздің 48-ші полкті 1945 жылы фашистер берілген соң, Власов армиясындағы бендершілермен күресуге алып қалды. Өйткені олар тасада жасырынып, тұтқиылдан тап беріп Кеңес армиясына көп шығын әкелді. Күндіз оларды өзге жұрттан айыру өте қиын еді. Сондықтан түнгі он екі бірлерде беймезгіл жүрген кезде ғана ұстауға тұра келді. Ұстаған бендершілердің бәрін түгелдей Тула түрмесіне жібердік. Олар Венгрия мен Австрияда көп қарсылық көрсетті. Өкінішке қарай, соғыстың басынан аяғына дейін аман жетіп, енді елге қайтамыз деп жүрген көптеген қарулас достарымыз олардың қолынан мерт болып кетті.

- Берлинді алу кезінде ерекше есте қалған жәйттер болды ма?

- Берлинге шабуыл жасар кезде Иван Конев, Георгий Жуков және Кеңес одағының штаб бастығы Рокоссовский келді. 7 мамырда бұйрық берілді. 300 прожектормен жарық түсіріп, 1100 «Катюшамен» атқыладық. Фашистер берілген кезде Гитлерді ғана таба алмадық, өзге генаралдардың бәрін ұстадық. Берлинді алған кезде немістер жерді сүйіп, Гитлерді табалап жатты, «Кеңес одағына тиісіп нең бар еді, халықты бостан-босқа қырғынға ұшыраттың» деп.

Соғыс кезінде біз орында ұзақ тұрмай үнемі әр дивизияға ауысып жүрдік. Соның нәтижесінде майдандағы қазақтармен көп кездесіп, амандық-саулық сұрасып, мүмкіндігінше қарым-қатынас жасап тұрдық. Бауыржан Момышұлы, Рахымжан Қошқарбаев, Әлия Модағұлова, Мәншүк Мәметова сияқты даңқты батырларды осындай жағдайда көрдім. Әлия өте қайсар еді. «Сәлемет пе қарындасым! Денсаулығың жақсы ма?» деп сұрағанда: «Мықты», - деп жауап беретін. Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев менімен жасты еді.

Осы арада мына бір жәйттер еріксіз еске түсіп отыр. Алмалы деген жерде қазақтар көп екен. Ал Венгрияда киіз үй тігіп, қымыз ашытатын қыпшақтар бар екен. Тамақ іш деп шақырды. Ұлттық тағамдарды ұсынып, «Сталиннің итаяғын жалаған күшіктер мұндай тамақты ішіп көрген жоқсыңдар, осында қалмайсыңдар ма? Үйленетін қыз да, дүние де бар» дегенді айтты. Егер онда қалып қоятын болсақ, елдегі туыс-туғанымызды атып тастайтынын жақсы білгендіктен бұл ұсыныстьы ешкім қабылдамады.

- Соғыста өлсең де кейін шегінбеуің керек деп 1 қадам кейін шегінгеннің бәрін ерекше бөлімдегілер сатқын ретінде атып тастағаны рас па?

- Рас.Шегінбек тұрмақ, артқа қарағандарды да атып тастаған кездері болды, қашуға әрекет жасады деп. Өйткені соғыста бір адам қашса оған өзгелер ілесуі мүмкін ғой. Біз осындай қатал тәртіптің арқасында ғана жеңіске жеттік. Жалпы біздің полкте соғыстан қашқан ешкім болмады. Тәртіп өте жоғары болды. Шабуылға шыққанда екі жауынгерге бір стакан арақ беретін. Бұл негізінен ұрыс алдында олардың бойындағы үрейді жойып, рухын көтеру үшін жасалды. Ал ішкілікке салыну оқиғасы онда мүлде болған жоқ.

- Қазір көпшілік арасында Екінші дүниежүзілік соғыс туралы фильмдерде қазақ майдангерлерін көре алмай жүрміз. Олар сонда кіммен соғысқа деген сұрақ жиі қойлып жүр. Бұл туралы Сіздің пікіріңіз қандай?

- Сұрағың орынды. Мұндай фильмдерді негізінен ресейліктер түсірген соң, олар өз идеялогиясын таңуда. Әрине бұл тарихқа жасалған үлкен қиянат. Өйткені Екінші дүниежүзілік соғыста фашистік Германия мен оның одақтастарының басқыншылғына тек орыстар ғана емес күллі Кеңес Одағының халқы қарсы соғысты. Егер кеңес халқы «бір жағадан бас, бір жеңген қол» шығармағанда онда біздің жеңіске жетуіміз мүмкін емес еді. Онда жау қолының астында қалған орыс, украин, беларусь халқының өкілдерімен бірге қазақтар да ұлы ерліктің үлгісін көрсетті. Оған соғыс жылдары 500 қазақстандықтың Кеңес Одағының батыры атануы айқын дәлел бола алады. Әрине, ерлікті бағалауда әділетсіздік те болды. Мәселен қаһарман Бауыржан Момышұлы мен Рахымжан Қошқарбаевтың ерлігі көзі тірісінде бағаланбай кетті. Егер соғыс жылдары жинақталған мұрағат деректерін зерттейтін болса мұндай азаматтардың саны әлі де жүздеп емес, мыңдап саналар еді. Өкінішке қарай, оған көңіл бөліп жатқандар әлі аз. Мысалы Алматыдағы 28 панфиловшылар саябағындағы майдангерлерген қойылған ескерткіште Бауыржан Момышұлының «Артымызда Москва, енді шегінер жер жоқ» жоқ деген сөзін Клочковқа теліп қойыпты. Тарихшылар мен өзге де зерттеуші ғалымдар мұрағаттардан іздестіретін болса оның шындығын ашу аса қиын шаруа емес қой.

- Соғыс кезінде кейбір жауынгерлер орыс тілін білмегендіктен офицерлердің берген бұйрығын түсінбей мерт болды деген пікір қаншалықты шындық.

- Мұндай жағдайды өз басым көзіммен көрмедім. Дегенмен мұндай жәйттердің болғанын өзгелерден естігенім бар. Мәселен Мәскеу түбіндегі ұрыс кезінде 28 гвардиялық панфиловшылар дивизиясының ерекше бөлімінің қызметкері Клочков әскери бұйрық берген кезде жасы алпысты алқымдаған орыс тілін білмейтін кейбір жауынгерлер оңға бұрыл дегенде түсінбей солға бұрылған кезінде «сен мені мазақтап тұрсың» деп атып жіберген. Сонда бұған шыдай алмаған Бауыржан Момышұлы оған бұл ісінің дұрыс емес екенін ұғындыру үшін қазақ тілінде әскери пәрмен беріп, оны орындамаған орыс жауынгерінің бірін атып жіберіп, содан кейін «өстіп өзімізді-өзіміз қыруымыз керек пе» дейді. Бұл ісі Баукеңе кейін батыр атағын алуына өз әсерін тигізген сияқты. Жалпы соғыс кезінде жауынгерлер мен офицерлер арасында Б. Момышұлының абырой-беделі өте жоғары болды. Өйткені оның ұрыс даласындағы ахуалды тамыршыдай тап басып және соған сәйкес ұтқыр шешім қабылдайтын ерекше қасиетіне қармағындағылар үнемі тәнті болған. Сондықтан олар өз сардарының бұйрығын бұлжытпай орындап, қажет болса ол үшін ойланбай-ақ қасық қанын да қиюға әзір тұрған. Бұл кейін дивизияның атақ-даңқын шығаруға өз ықпалын тигізгені анық.

- Соғыстан кейін еңбек жолыңызды қайда бастадыңыз? Қандай орден-медалдарыңыз бар?

- Мен майданнан 1949 жылы жылдың 2 мамырында ғана босадым. Елге келген соң қыркүйек айында Алматы темір жолына қызметке тұрдым. 1950 жылы 3 ай Аякөз стансасындағы техникалық мектепте оқып, Жайлау стансасына, одан кейін Саз стансасының бастығы боп тағайындалдым. Бұл салада 36 жыл жұмыс жасап 1985 жылы зейнетке шықтым. Жұмыста «Еңбек ері» медалімен марапатталып, КСРО Теміржол министрінің қолынан «Құрметті теміржолшы» деген атақ та алдым. Түрлі марапаттау қағаздары мен дипломдар да болды.

Жалпы өз басым майдангер ретінде 20-дан астам орден-медалдармен марапатталдым. Олардың ішінде «Будапешті алғаны үшін», «Венаны алғаны үшін», «Болгарияны алғаны үшін» медалдері мен «1941-45 жылдардағы Ұлы Отан соғысы жеңісінің мерейтойлық 20, 25, 30, 65 жылдық медальдері және 2-ші дәрежелі «1941-15 жылдардағы Ұлы Отан соғысы жеңісіне 40 жыл» ордені, «Украинаның азат етілгеніне 50 жыл», «1941-45 жылдардағы Ұлы Отан соғысы жеңісіне 60 жыл» ордендері бар.

- Отбасыңызды Сіздің жолыңызды жалғастырғандар бар ма?

- Соғыстан кейін ағайындардың көмегімен Қайшетай деген қызбен отау құрдым. Отбасымызда 3 бала, 2 қыз болды. Әйелім су тартқыштың, мен станса бастығы боп жұмыс жасадық. Үлкен балам Алматыда энергиямен қамсыздандыру қызметінде, екінші балам заңгер, ал кенжем менің орнымда Саз стансасында бастық, ал үлкен қызым әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқытушы, кіші қызым темір жол саласында жұмыс жасап жүр. Қазір кіші баламнан туған немерем де осы салада қызмет жасап жүр. Ендігі арманым бала-шаға мен елімнің амандығы. Олар соғысты көрмесе екен деймін. Сұм соғыс ананы баладан, қарындасты бауырдан айырғаннан басқа еш жақсылық әкелмейді. Мұндай апат енді ешқашан қайталанбаса екен. Алда-жалда мұндай жағдай орын ала қалса ол атом қаруының бір күндік соғысы болмақ. Сондықтан Елбасының ядролық қаруды таратпау жөніндегі бастамасын өз басым көрегендік саясат деп санаймын.

- Әңгімеңізге рахмет ата! Деніңіз сау болып, барлық арманыңыз орындалсын.

Соңғы жаңалықтар