Сумен жабдықтау есептегіш құралдарына қойылатын талаптар бекітілді
АСТАНА. KAZINFORM – Елді мекендердің сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріндегі су есептегіш құралдарын және жүйелерін таңдау, монтаждау және пайдалану қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Тиісті түзетулер Өнеркәсіп және құрылыс министрінің бұйрығымен бекітілді.
Өзгерістер деректерді берудің бірыңғай NB-IoT желісін қамтамасыз ету талаптарын белгілеуді және LoRaWAN технологиясын қолдану мүмкіндігін қарастырады.
Енгізілген толықтырулар мыналарды қамтиды:
— деректерді қашықтан жинау және беру ұғымын айқындау;
— энергия тұтынуды есепке алудың автоматтандырылған жүйесін енгізу;
— есепке алу құралдарын орнату орнына, жұмыс істеу қағидатына және деректерді беру тәсіліне қарай жіктеу (NB-IoT, LoRaWAN);
— есепке алу құралдарын монтаждау, пайдалану және кепілдік мерзіміне қойылатын талаптар.
Жаңартылған қағидалар ақпараттық-өлшеу жүйелеріне және энергия тұтынуды есепке алудың автоматтандырылған жүйелеріне деректерді автоматты түрде беруді қамтамасыз етуге бағытталған.
— Сонымен қатар NB-IoT желісінің басымдығын ескере отырып, есептегіш құралдарды пайдалану көзделген. Бұл ретте LoRaWAN технологиясын қолданатын бұрын орнатылған құралдар олардың қызмет ету мерзімі аяқталғанға дейін пайдаланылатын болады. Сондай-ақ есептегіш құралдарға кемінде 5 жылдық кепілдік қызмет көрсету мерзімі белгіленді, — делінген Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің хабарламасында.
Айта кетелік 2030 жылға дейін сумен жабдықтау саласында деректер 100 пайыз онлайн берілетіні туралы жазған едік.