Сумен жабдықтау жобаларын іске асыру барысында бюджеттен 300 млрд. теңге үнемделді - ҚР АШМ

Бұл туралы бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен брифингте ведомствоның Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев мәлім етті.
Оның айтуынша, комитет қызметкерлері жобаларды сараптау кезінде шығыстарды 5-6 есеге қысқартуға қол жеткізген. Бұл, ең біріншіден, елді мекендердің нақты қанша суға зәру екенін анықтаудан кейін мүмкін болды. Мәселен, көптеген ауылдағы халық саны мен мал басы артығымен көрсетілген болып шықты. Одан өзге, су құбырларының диаметрлері 1000 миллиметрден 500 миллиметрге дейін кішірейтілді. Су құбырларын жүргізу үшін құбырды көтерме бағамен сатып алатын «Қазсушаруашылығы» РМК бас мердігер болып белгіленді.
Сондай-ақ, И. Әбішев көптеген жағдайларда ауыз сумен қамтамасыз ету нысандары мен гидротехникалық құрылымдарға арналған құрылғылар бірнеше есе қымбат бағамен сатып алынып келгенін де баса айтты.
Осылайша құрылғыларды тікелей жеткізушілермен жасырын түрде келісім жасалып, бюджет қаржысын қымқыратындардың жолы кесілді.
Комитет төрағасының айтуынша, Қ. Сәтбаев атындағы каналдың бас директоры да дәл осындай жолмен бюджет қаражатын жымқыруды жоспарлағаны үшін қызметінен қуылды.