Сұңғыла дипломат Мәлік Фазыловтың туғанына - 90 жыл
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 15 тамызда қазақстандық дипломатияның негізін қалаушылардың бірі, КСРО-ның шетелдегі төтенше және өкілетті елшісі лауазымын иеленген тұңғыш қазақ Мәлік Фазыловтың туғанына 90 жыл толды. Қайраткер дипломаттың туған күніне орай, тарихшы әрі тілші Данияр Қасымов осыдан 30 жыл бұрын Ұлы даланың ұлылығын Солтүстік Африканың мұсылман елдеріне паш еткен тұлға туралы арнайы «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне тебірене сыр шертті.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының ортасында Батыс пен Шығыстың арасында «қырғи-қабақ соғыстың» жаңа кезеңі басталып кеткен-тін. Бұл уақыт қарулану бәйгесінің енді «қыза» бастаған кезі еді.
...Варшава келісімі мен НАТО елдері жетпісінші жылдардың ортасында қаруды аз уақытқа ысыра тұрып, келісу үшін бас қосқан. 1975 жылы Хельсинкиде қос блоктың елдері көптарапты диалогтың (дәл осы кезде ЕҚЫҰ құрылған) басын бастаған болатын. Осы кезде жуықта ғана тәуелсіздіктерін алып, еңсесін енді ғана көтеріп келе жатқан шағын мемлекеттер делдалдарға айналып шыға келді. Оның есесіне аталған елдер супердержавалардан экономикалық және әскери тұрғыдан көмек алып жатты. КСРО өз кезегінде әлем картасына жаңа ғана түскен елдердің ішінен серіктестерді белсенді түрде іздей бастады. Ондай елдердің бірі Африкада орналасқан Мали мемлекеті еді. Бұл ел 1960 жылы ғана Франциядан тәуелсіздігін алған. Арада сегіз жыл өткеннен кейін ол елде әскери төңкеріс болып, билік басына Мұса Траоре президент болып келе қалады. Ол өзінің мемлекетін ширек ғасыр уақыт бойы билеп төстеді.
Жетпісінші жылдардың басында Мали ауыр саяси және экономикалық дағдарысты бастан кешірді. Жетекші мемлекеттерден келіп жатқан экономикалық көмек ондағы халықтың жыртығын да жамамайтын. Халықтың көбі ашаршылық пен судың жоқтығынан зардап шеккен. Дәл осы кезеңде КСРО басшылығы Бамако қаласына Траоре режимімен тіл табыса алатын төтенше және өкілетті елшіні жолдауды шешті. Кеңес басшылығы бұл қызметке Қазақ КСР сыртқы істер министрі Мәлік Фазыловты тағайындады.
Көпті аузына қарата білген мемлекеттік қайраткер, керемет ғалым әрі тарихшы бала кезден ашаршылықтың не екенін жан-тәнімен сезген адам еді. Ол туған 1927 жыл (Қостанай облысы Сарыкөл ауданы) қазақ даласына аштық құрығын сала бастаған қиын-қыстаң кезең болатын. Кәмпеске кезінде Қарағай деп аталатын алыс ауылдағы қаршадай бала бағына қарай аман қалған. Сұм Голощекиннің «Кіші қазан» төңкерісінен бала Мәліктің аман қалуы - тағдырының оған кесе-көлденең тартқан сыйы еді. Бірақ, бұл тек азапты күндердің басы болатын. 1942 жылы арып-ашыған ол Петропавл қаласының қорғаныс зауыттарының біріне жұмысқа келеді. Дәл осы зауытта Мәліктің көпжылдық еңбек жолы басталып кетіп еді. Жасөспірім токарлы станокта минометтардың снарядтарын жасауға атсалысқан. Жасы жетпей қалғандықтан, майданнан қалып қалған. Кейін ерен еңбегінің арқасында Мәлік «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталады. Бұдан кейін жігерлі жас Шымкент қаласының мұғалімдер институтының тарих факультетіне түседі. Орталық Азияның тура ортасындағы Шымкентте болашақ мемлекеттік қайраткер оқумен қатар, Оңтүстік Қазақстандағы тарихи ескерткіштермен танысады. Кейін Солтүстік Африка елінің дипломаттарын да өзі оқыған өңірдің тарихи мұраларымен таныстырған. Шымкенттегі оқуынан кейін ол КСРО-ның ең беделді жоғарғы оқу орындарының бірі - Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтына түсіп, 1950 жылы диплом алып шығады. Аздаған уақыт Алматының жоғарғы партиялық мектебінде сабақ беріп, одан кейін ғана Қазақ КСР сыртқы істер министрлігінің көмекшісі әрі хатшысы болып жұмысқа орналасады. «Хрущевтің жылымығы» кезінде Мәлік Фазылов Қазақстан Компартиясы ОК-да лектор болған. Кейін Көкшетау обкомының екінші хатшылығына жолданады.
Алдыңғы буын өкілдерінің Мәлік Сабырұлы көңілді адам әрі ақылды жетекші ретінде есінде қалған. Оның тұрқы партия шенеунігі немесе бюрократтың түріне келе бермейтін. Оған таңданудың реті жоқ еді. Бала кезден-ақ Мәлік Сабырұлы таудай еңбектің не екенін білетін. Мемлекеттік қайраткер ауылдықтар мен қалалықтардың мәселесін бір кісідей білетін азамат еді. Тыл еңбеккерлеріне барынша көмек қолын созды.
Алпысыншы жылдардың аяғы мен жетпісінші жылдардың басында Қазақстан Копартиясы ОК оқу орындары мен ғылыми бөлімінің жетекшісі болды. Ол кезде Қазақ КСР жастары жүздеген мамандықтарды игеріп, жаңа кәсіпті меңгере бастаған. 23 жасында ғана екі жоғары оқу орнының дипломын алған отандасымыз ол тұста таптырмайтын маман болатын. Мәлік Сабырұлы жастардың бірсыпыра мамандық иесі атанып, ел игілігі үшін еңбек ету жолында айтарлықтай еңбек сіңірді.
1973 жылы ол дипломатиялық жұмысқа қайтып келіп, Қазақ КСР сыртқы істер министрі болды. 1976 жылы оны дәл осы лауазымынан алып, Мали Республикасындағы КСРО-ның төтенше және өкілетті елшісі етіп тағайындады. Екі елдің халқы мен басшылығы да Мәскеу мен Бамако арасындағы байланыстың нығаюына бірден-бір себепші Мәлік Фазылов екенін жақсы түйсінетін. Мәлік Сабырұлы Малидің Ұлттық орденінің кавалері болды. Бұрын дәл осы құрметті атаққа Нельсон Мандела мен Ұлыбритания патшайымы ІІ Елизавета, Жапония императоры Акихито ие болған.
1983 жылы Мәлік Фазылов тарихы тереңдегі Алауиттер әулетінің ұрпағы ІІ Хасан басқаратын Марокко Патшалығындағы КСРО-ның Төтенше және өкілетті елшісі болып барады. Аталған монарх Африкадағы және Ислам әлеміндегі ең беделді тұлғалардың бірі болатын. Мәселен, оның Мысыр мен Израильді достастырған бір ғана еңбегін ерекше атап өтуге болады. ІІ Хасан Шығыстан да, Батыстан да пана іздемейтін. Марокконың патшасы Атлантика мен Жерорта теңізінің жағасындағы Африка мен Еуропаны байланыстырып жатқан «көпір» іспеттес дербес мемлекетті басқарып тұрған. Бұған қоса дәл осындай маңызды елмен байланыс орнату экономикалық тұрғыдан КСРО үшін ең маңызды жұмыстардың бірі еді. Бұл туралы қазіргі Ресей Федерациясының Мароккодағы төтенше және өкілетті елшісі Валерий Воробьев былай дейді:
«Мен Рабаттағы кеңестік елшілікке кеңесші әрі елші ретінде 1990 жылы келдім. Мәлік Сабырұлының 7 жылдың ішінде өте ауқымды жұмысты біржақты еткенін бірдей айтайын. Ол кеңестік дипломатияның «ескі мектебінің» өкілі ретінде біздің арамызда да, шетелдік әріптестерінің алдында да өте беделді еді. Тағы бір маңыздысы - «Мәлік» араб тілінде «патша» деген мағынаны білдіреді екен. Марокколықтардың басты ұраны да
«Алла! Ватан! Малик!» деп айтылады. Бұл «Алла! Отан! Патша!» дегенді білдіреді. Сол себепті Мәлік Сабырұлының есімі сол елдегі тұрғындардың көбіне қатты әсер еткен еді. Ал экономикалық серіктестікті орнатуға ол қаншама күш жұмсады. Мәселен, сексенінші жылдары Кеңес Одағы Марокко жақта жыл сайын 1 миллион тонна балық аулайтын. Бүгінгі күні Ресей үшін бұл көрсеткіш бар-жоғы 120 мың тоннаны құрайды. Ал Еуропалық Одақ онда 80 мың тонна ғана балық аулауға келісіп отыр».
ІІ Хасан Мәлік Фазыловты Алауиттер тағының Орденімен марапаттады. Ол кісі бұл құрметке әбден лайық еді. Екі елдің арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға отандасымыз ұшан-теңіз еңбек атқарды. Сонымен бірге, Рабатта Қазақстан мен Өзбекстанның мәдени күндерін өткізді. Сол кісінің арқасында қазақстандық Алматы мен марокколық Мекнес бауырлас қалалар атанды. Сексенінші жылдардың өзінде Мәлік Сабырұлы Қазақстанның жуық арада тәуелсіз ел боларын сезген болуы керек.
Бүгінгі таңда Марокко патшалығы - бүкіл Африкада өзін мойындатқан көшбасшы мемлекет. Аталған мемлекетте автокөлік өндірісі өркендеп кеткен - жылына жарты миллионға жуық көлік өндіріледі. Мұнда сонымен қатар, «жасыл экономикаға» да баса ден қойылған. Сахара шөлінің марокколық бөлігінде қуаттылығы атомдық станцияларға жақын күн электростанциялары орнатылған. Туризм де қарыштап келеді. Көне мешіттері мен алып базарлары бар, ескі дәстүрлері сақталған Рабат, Маракеш, Касабаланка қалалары мыңдаған шақырымдық мұхит жағасында жатыр. Мұнда жылына 12 миллион турист келеді. Алдағы жылдары туристердің саны екі есеге дейін молаюы ықтимал. Бір сөзбен, Марокконың тәжірибесі Қазақстан үшін пайдалы болып қалуы әбден мүмкін.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Мәлік Фазылов туған еліне қайтып келді. Біршама уақыт біздің Республиканың СІМ кеңесшісі болды. Оны қазіргі таңда қазақстандық дипломатияның негізін қалаушылардың бірі деп айтады. Мәлік Сабырұлы өмірінің 15 жылын Африкада өткізді. Күрделі әрі жауапты жұмыс оның денсаулығына да кері әсер еткен болар - 68 жасында өмірден өте шықты.
«Мәлік Сабырұлы еңбек жолын бастаған Петропавл қаласының бір көшесінің сол тұлғаның атына беруді әділдік деп санаймын. Оның кітаптары бүгін де саясаткерлер мен дипломаттардың таптырмас туындысы. Мәлік Сабырұлының есімін ел жадында жаңғырту жолында әлі де еңбектену керек деп есептеймін», - дейді Данияр Қасымов.