Суперкомпьютер футболдан 2026 жылғы Әлем чемпионатының басты фаворитін атады

АСТАНА. KAZINFORM — Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатында жеңіске жетуге басты үміткер ретінде Испания құрамасы аталып отыр. Турнир нәтижесін 10 мың рет модельдеген Opta суперкомпьютері осындай қорытындыға келді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Суперкомпьютер назвал главного фаворита чемпионата мира по футболу 2026 года
Фото: Getty Images

Айта кетейік, биылғы әлем чемпионатына рекордтық көрсеткіш бойынша 48 ұлттық құрама қатысады. АҚШ, Канада және Мексикада өтетін турнир аясында жалпы саны 104 матч өтеді деп жоспарланған.

Сарапшылардың айтуынша, қатысушылар санының артуына байланысты биылғы әлем чемпионатының нәтижесін болжау бұрынғыдан да күрделене түскен.

Титулға басты үміткерлер үштігі

Ықтималдықтарды есептеу барысында Opta сарапшылары құрамалардың деңгейін, соңғы матчтардағы нәтижелерін және өткен жылдардағы көрсеткіштерін ескерген.

Модельдеу қорытындысы бойынша, Испания құрамасы симуляциялардың 16,1%-ында жеңімпаз атанып, турнирдің басты фавориті ретінде танылды. Сонымен қатар, испандықтар ширек финалға шығу мүмкіндігі 50%-дан асқан жалғыз құрама болды. Олардың жартылай финалға өту ықтималдығы 39% деп бағаланған.

Қазіргі Еуропа чемпиондарының сапында Ламин Ямаль, Родри, Педри және Нико Уильямс секілді жұлдыздар өнер көрсетеді.

Фавориттер рейтингінде екінші орын Франция құрамасына бұйырды. Оның әлем чемпионы атану мүмкіндігі 13% деп бағаланып отыр. Дидье Дешам баптайтын команда 2018 және 2022 жылдары қатарынан әлем чемпионатының финалына дейін жеткен. Құраманың көшбасшысы әрі капитаны — Килиан Мбаппе.

Ал үшінші үміткер ретінде Opta Англия құрамасын атады. Ағылшындардың чемпион атану ықтималдығы 11,2%-ды құрайды. Томас Тухельдің жетекшілігімен команда іріктеу кезеңіндегі сегіз матчтың барлығында жеңіске жетіп, бірде-бір гол жіберген жоқ. Құрамда Гарри Кейн, Джуд Беллингем, Деклан Райс және Букайо Сака сынды ойыншылар бар.

Фавориттер қатарына кімдер енді

Қазіргі әлем чемпионы — Аргентина құрамасы фавориттер рейтингінде төртінші орынға жайғасты. Opta сарапшылары команданың чемпиондық атағын сақтап қалу мүмкіндігін 10,4% деп бағалады.

Аргентина құрамасының капитаны Лионель Месси үшін бұл әлем чемпионаты мансабындағы соңғысы болуы мүмкін. Онымен бірге ұлттық құрама сапында Лаутаро Мартинес, Хулиан Альварес және Энсо Фернандес өнер көрсетеді. Әлемнің қазіргі чемпиондары 1962 жылғы Бразилия құрамасынан бері әлем чемпионы атағын қатарынан қорғап қалған алғашқы құрама атануға тырысады.

Чемпиондыққа үміткерлер қатарына сондай-ақ Португалия (7%), Бразилия (6,6%) және Германия (5,1%) құрамалары да енді.

Айта кетейік, Португалия құрамасы турнирге UEFA Ұлттық лига жеңімпазы ретінде келеді. Ал Криштиану Роналду үшін алдағы әлем чемпионаты мансабындағы алтыншы әлем біріншілігі болуы мүмкін. Бұған дейін мұндай жетістікке бірде-бір футболшы қол жеткізген емес.

Сондай-ақ Бразилия құрамасы жаңа кезеңді Карла Анчелоттидің жетекшілігімен бастады.

Ал Германия құрамасы соңғы жылдардағы ірі турнирлердегі сәтсіздіктерден кейін әлемнің үздік командалары қатарына қайта оралуды көздеп отыр.

Polymarket болжамдары не дейді

Ұқсас нәтижелерді ірі болжам платформаларының бірі саналатын Polymarket те көрсетіп отыр.

Платформа деректеріне сәйкес, әлем чемпионатының басты фавориті – Франция құрамасы. Оның чемпион атану ықтималдығы 17,1% деп бағаланған.

Одан кейін Испания (16,4%) мен Англия (11,2%) құрамалары орналасқан.

Португалияның жеңіске жету мүмкіндігі 9,6% деп бағаланса, Аргентинаға – 9%, Бразилияға 8% ықтималдық берілген.

Келесі орындарда Германия (6%), Нидерланд (4%), Норвегия (3%) және Бельгия (2%) құрамалары тұр.

Тағы қай құрамаларға назар аударған жөн

Мойындалған фавориттерден бөлек, сарапшылар турнирде жоғары нәтижеге қол жеткізуі мүмкін бірнеше құраманы да атап өтті.

Нидерланд пен Норвегия құрамаларының чемпион атану мүмкіндігі шамамен 3,5% деп бағаланып отыр. Норвегиялықтар турнирге жақсы бабында келіп отыр. Команданың көшбасшысы Эрлинг Холанд іріктеу кезеңінде 16 гол соққан.

Ал Қатардағы әлем чемпионатының басты сенсацияларының біріне айналып, жартылай финалға дейін жеткен Марокко құрамасы Африкадағы ең мықты команда мәртебесін сақтап отыр.

Сарапшылар ықтимал фавориттер қатарына 2024 жылғы Америка кубогының финалына шыққан Колумбия құрамасын да енгізген.

Еске салайық, бұған дейін әлем чемпионатының басты жаңалықтарына айналуы мүмкін 15 жас футболшы туралы хабарланған болатын.

Айта кетейік, 2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты тарихта алғаш рет бірден үш елде – АҚШ, Канада және Мексикада өтеді. Турнир матчтары 11 маусым мен 19 шілде аралығында 16 қалада ұйымдастырылады.

Сондай-ақ бұл FIFA тарихындағы ең ауқымды әлем чемпионаты болмақ. Өйткені алғаш рет топтық кезеңде 48 ұлттық құрама бақ сынайды.

Материалдың ағылшын тіліндегі нұсқасын осы жерден оқи аласыз.