Су ресурстары министрлігі судың «қара нарығын» жою іс-шаралары жоспарын әзірлеуі тиіс — Бозымбаев
АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылғы 1 наурызға дейін ылғалсүйгіш дақылдардың егістік құрылымын бекітілген су лимиттеріне сәйкес түзету қажет. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев айтты.
— Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары және ирригация министрлігімен, облыс әкімдіктерімен бірге жұмыс тобын құрып, екі апта мерзімде су пайдалану лимиттерін айқындау және болжамды су келу көлемін ескере отырып, алдағы вегетациялық кезеңге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарын бекіту қажет. Сонымен қатар, Орталық Азияда ауа райы өзгерген жағдайда Су ресурстары және ирригация министрлігі 2026 жылғы 1 ақпанға дейін Ауыл шаруашылығы министрлігіне барлық облыс бойынша су келуінің ең пессимистік сценарийін ескере отырып, су тұтынудың нақтыланған лимиттерін ұсынуы тиіс. Өз кезегінде Ауыл шаруашылығы министрлігі 2026 жылғы 1 наурызға дейін ылғалсүйгіш дақылдардың егістік құрылымын бекітілген су лимиттеріне сәйкес түзетуі керек, — деді вице-премьер.
Оның айтуынша, облыс әкімдіктері вегетация басталғанға дейін аграршылар арасында ылғалсүйгіш дақылдарды қысқарту және суды аз қажет ететін дақылдарға көшу қажеттігі туралы мақсатты түсіндіру жұмыстарын жүргізуі, сондай-ақ министрліктер мен ғылыми институттармен бірлесіп, инновациялық ылғал ұстап қалатын препараттарды сынақтан өткізу үшін әр облыста кемінде 100 гектар аумақты анықтап, қаржыландыруды жергілікті бюджеттен қамтамасыз етуі тиіс.
— Сонымен қатар, «Қазсушар» РМК суару суын жеткізу туралы келісімшарттарды ылғалсүйгіш дақылдар бойынша тек бекітілген лимиттер шегінде ғана жасайтын болады. Бұдан бөлек, Су ресурстары және ирригация министрлігіне 2026 жылғы 1 ақпанға дейін құқық қорғау органдарымен бірлесіп, 2026 жылы судың «қара нарығын» жою жөніндегі нақты іс-шаралар жоспарын Үкімет Аппаратына енгізу тапсырылды, — деді Қанат Бозымбаев.
Айта кетейік, министрлер кабинетінің мүшелері еліміздің көлік-транзит саласын дамыту мен цифрландыру мәселесін талқыға салып жатыр.