Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесінің төрт модулі пилоттық режимде іске қосылды

АСТАНА. KAZINFORM – Су ресурстары және ирригация министрлігі Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін әзірлеуді жалғастырып жатыр.

Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесінің төрт модулі пилоттық режимде іске қосылды
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Бүгінгі таңда бұл жүйенің төрт модулі пилоттық режимде сәтті жұмыс істеп тұр. Олар «Әкімшілік», «Су пайдалану», «Трансшекаралық су» және «Картография» модульдері.

«Әкімшілік» модулі жүйені орталықтандырылған басқаруға арналған. Ол пайдаланушыларды басқару, жүйе мүмкіндіктерін баптау, қол жеткізу деңгейін бақылау және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету секілді функцияларды орындайды.

«Су пайдалану» модулі республика бойынша 86 су қоймасынан күн сайын деректер жинап, оларды өңдейді. Бұл су ресурстарының жай-күйін жедел бақылауға және қажетті шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

«Трансшекаралық су» модулі Қазгидрометтің 43 гидробекетінен деректер жинайды және мемлекетаралық каналдардағы су шығыны және су қоймаларының жұмыс режимдері туралы өңірлік көздерден алынған ақпаратпен толықтырылады. Бұл трансшекаралық өзен бассейндеріндегі су ресурстарын кешенді түрде басқаруға жол ашады.

«Картография» модулі Есіл және Жайық-Каспий бассейндеріндегі 250-ден астам гидротехникалық нысан, өзен-көлдер және 334 гидробекет бойынша мәліметтерді карта түрінде көрсетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ су шығынын, температураны, жауын-шашын мен қардың еруін қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді болжау функциялары іске асырылды.

— Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін әзірлеу Еуразиялық даму банкінің гранты есебінен жүзеге асырылады. Жүйенің енгізілуі су теңгерімін болжау дәлдігін арттыруға, су ресурстарын тиімді басқаруға, сондай-ақ гидротехникалық нысандар мен ирригациялық инфрақұрылымның жұмысын жақсартуға мүмкіндік береді, — деді СРИМ Цифрландыру департаментінің директоры Мейргуль Қуандықова.

Айта кетелік Су ресурстары министрлігі 1,3 млн адамды ауыз сумен қамту үшін 2500 шақырым су құбырын салып жатыр

Соңғы жаңалықтар