Суретшілер одағының мерейтойына арналған шаралар өз мәресіне жетті

АСТАНА. 27 қазан. ҚазАқпарат - Алматыда Қазақстан Суретшілер одағының 80 жылдық мерейтойына арналған шаралар өз мәресіне жетті. Кеше Қазақстан суретшілерінің республикалық 17-ші съезі өтті. Съезде еліміздің бейнелеу өнері саласындағы бірқатар өзекті мәселелер қозғалып, осыған дейін атқарылған істердің қорытындысы сараланды.

Суретшілер одағының мерейтойына арналған шаралар өз мәресіне жетті
Қазақстан суретшілерінің бұл басқосуында одақтың жаңа төрағасы сайланды. Аталған жиынға суретшілерден бөлек еліміздің маңызды құрылымдарының өкілдері қатысты. Олар арнайы құттықтаулармен қатар мемлекет пен өнер ордасы арасындағы байланысты атап өтуді ұмытпады.  Республикалық съезде өнер адамдарын толғандыратын көптеген өзекті проблемалар талқыланды. Әсіресе, шебер қолынан шыққан туындыларға арнайы айтылатын, жазылатын көркемдік сын кенжелеп тұр.  Сонымен қатар мерейтой аясында «Қазақстанның бейнелеу өнері» атты республикалық көрме жұмысын бастады. Ә. Қастеев атындағы өнер мұражайында 300-ден астам шебердің 500-ге жуық жұмысы қойылды. Бұл туындылардың барлығы арнайы іріктеуден өткен. Көрмеде еліміздің айтулы қылқалам шеберлерімен қатар жас суретшілердің де үздік туындылары қойылып отыр. Суретшілер одағының 80 жылдығына арналған ауқымды көрмеге еліміздің әр аймағындағы бейнелеу өнерінің мамандары жиналды.  Іргетасы сонау 1933 жылы қаланған Суретшілер одағының бүгінде мыңға жуық мүшесі бар. Олардың арасында жаңа буынның көптеп бой көрсетуі көңіл қуантады. 80 жылдық тарихы бар өнер ордасы Әбілхан Қастеев, Әубәкір Ысмайылов сынды қазақтың суретші ұлдарының жолын жалғайтын ұрпақты әлі де болса тәрбиелей бермек.