Сұрхандариядан 4 мың жыл бұрынғы жібек өндірісінің іздері табылды — шетелдегі қазақ баспасөзі
Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.
Ташкентте Абай ескерткішіне гүл шоқтары қойылды — ӨзА
Абай Құнанбайұлының туған күніне орай Ташкент қаласында ұлы ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Шараға Қазақстан мен Өзбекстанның зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, әдебиеттанушылар, ұлттық мәдени орталықтардың өкілдері, Қазақстанның Өзбекстандағы Елшілігінің қызметкерлері және әдебиет жанашырлары қатысты.
Бұл туралы осы аптада «ӨзА» ақпарат агенттігі хабарлады.
Хабарламада айтылуынша, жиында Абай мұрасының қазақ және өзбек әдебиетіндегі орнына ерекше назар аударылып, оның шығармаларындағы адамгершілік, білім мен ғылымға ұмтылу, еңбекқорлық, елдік және рухани кемелдік құндылықтарының бүгінгі қоғам үшін маңызы атап өтілді. Шара барысында ақын шығармашылығына арналған мүшайра ұйымдастырылып, өлеңдері оқылды. Қатысушылар Абай мұрасы мен оның қазақ руханиятына қосқан үлесі, сондай-ақ шығармаларының өзбек оқырманына жетуі жөнінде пікір алмасты.
Қазақ-өзбек әдеби байланыстарын нығайтуда Абай шығармашылығының маңызы зор. Екі ел қаламгерлері мен әдебиеттанушылары арасындағы шығармашылық ынтымақтастықтың дамып келе жатқаны атап өтілді. Айта кетейік, жуырда Абдулла Рустамовтың «Абай абадияти» атты ғылыми-көпшілік монографиясы өзбек тілінде жарық көріп, ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығын өзбек оқырманына кеңінен таныстыруға жол ашты.
Сондай-ақ осы аптада «ӨзА»-да «Сұрхандариядан 4 мың жылдық жібек өндірісінің іздері табылды» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.
Аталған БАҚ-тың мәліметінше, Өзбекстанның Сұрхандария облысындағы қола дәуіріне жататын «Сопплитепа» ескерткішінен шамамен 4 мың жыл бұрын бұл өңірде жібек өндірісі болғанын көрсететін археологиялық деректер табылды. Өзбекстан Ғылым академиясының Антропология институты халықаралық зерттеушілермен бірлесіп, қоныстан табылған үш көне піллә бөлігін зерттеген. Микроморфологиялық және протеомдық талдау олардың қолдан өсірілген жібекқұртына тиесілі екенін растады. Радиокөміртектік зерттеу жәдігерлердің б. з. б. 1940–1765 жылдарға жататынын көрсетті. Сонымен қатар осы мәдени қабаттан жібек құртының негізгі қорегі саналатын тұт ағашының қалдықтары анықталған.
Ғалымдардың пікірінше, бір жерден піллә мен тұт ағашы қалдықтарының табылуы «Сопплитепа» тұрғындарының қола дәуірінде-ақ жібек өсіру және өңдеу технологияларын меңгерген болуы мүмкін екенін көрсетеді. Бұл жаңалық Орталық Азиядағы жібек өндірісінің таралу тарихына қатысты ғылыми түсініктерді толықтыруы ықтимал. Зерттеу нәтижелері Science Advances ғылыми журналында жарияланды.
Қазақстан мен Иран халықаралық ұйымдар аясындағы ынтымақтастықты нығайтуға ниетті — Eurasia Today
Қазақстан мен Иран халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайту мәселелерін талқылады. 11 тамыз күні Қазақстанның Ирандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Оңталап Оңалбаев Иран Сыртқы істер министрлігінің Қоршаған орта және тұрақты даму бойынша халықаралық істер департаментінің Бас директоры Сейед Мұхаммад Садати Нежадпен кездесті, деп хабарлайды Eurasia Today ақпарат агенттігі.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, кездесуде БҰҰ, Ислам ынтымақтастығы ұйымы, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес және басқа да көпжақты алаңдар аясындағы ынтымақтастық мәселелері қаралды.
Тараптар халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара іс-қимылды күшейтуге және ортақ мүдделерді қорғау бағытында күш-жігерді үйлестіруге дайын екендерін растады. Сондай-ақ жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша ынтымақтастықты жалғастыруға уағдаласты.
Сондай-ақ осы аптада Eurasia Today басылымында «Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Иран Елшісімен Таяу Шығыстағы жағдай бойынша пікірлесті» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді.
Аталған БАҚ-тың дерегінше, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исағалиев Иран Ислам Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Әли Акбар Джоукармен Таяу Шығыстағы жағдай бойынша пікірлесті.
Тараптар екіжақты қатынастың қазіргі жай-күйін, сондай-ақ заманауи сын-қатерлер мен өзара мүдделерді ескере отырып, оларды одан әрі дамытудың перспективалық бағыттарын талқылаған.
— Кездесуде көлік-логистикалық ынтымақтастықты нығайтуға және осы саладағы практикалық өзара іс-қимылды одан әрі кеңейтуге ерекше назар аударылды. Тараптар түрлі деңгейдегі тұрақты әрі мазмұнды диалогты жалғастырудың маңыздылығын атап өтті, деп жазды Eurasia Today.
Тибеттегі қодастар бәйгесі көрерменге ерекше көңіл-күй сыйлады — Халық газеті
Қытайдың Цинхай өлкесіндегі Юйшу Тибет автономиялық облысында дәстүрлі ат бәйгесі фестивалі аясында қодас (як) жарысы өтті. Зашикэ жайлауында ұйымдастырылған додаға ондаған шабандоз қатысып, ерекше жарыс көрермендердің қызығушылығын тудырды. Қодастардың тұлпарлардай жүйрік болмауы жарысқа өзгеше сипат беріп, кейбірі жолда тоқтап қалса, енді бірі алаңдағы шөпке қарай бұрылып, көпшілікке көңілді көрініс сыйлады, деп жазады Қытайдың Халық газеті басылымы.
Қытайлық БАҚ-тың мәліметінше, қодас жарысы мың жыл бұрын Тибетке Вэньчэн ханшайымның ұзатылып келуін қарсы алу рәсімінен бастау алған дәстүрлі халықтық спорт түрі саналады. Бүгінде ол Юйшу ат бәйгесі фестивалінің маңызды шараларының біріне айналып, өңірдің көшпелі мәдениеті мен дәстүрін кеңінен танытуға мүмкіндік беріп отыр.
Сонымен қатар осы аптада Халық газеті басылымында «Қытайдың автоматты таксилері Дубайда қызмет көрсетуде» деген ақпарат жарық көрді.
Аталған БАҚ-тың дерегінше, қытайлық автоматты жүргізу компанияларының роботаксилері Дубай көшелерінде қызмет көрсете бастады. Пайдаланушылар көліктерді мобильді қосымша арқылы шақыра алады. Жасанды интеллектпен басқарылатын көліктер рульді бұру, жолақ ауыстыру, айналма жолдар мен бағдаршамдардан өту, сондай-ақ күрделі жол жағдайларында қозғалысты автоматты түрде жүзеге асырады.
Қытайдың бірнеше компаниялары Біріккен Араб Әмірліктерінде жұмысын бастап, жергілікті нарықтағы қатысуын кеңейтіп келеді. Дубай билігінің 2030 жылға қарай қалалық көліктің 25 пайызын автоматтандыру жоспары бұл саладағы компанияларға жаңа мүмкіндіктер ашып отыр.
Түркиялық дәрігерлер қазақстандық әріптестерімен тәжірибе алмасты — TRT
Алматыда түркиялық және қазақстандық комбустиологтар тәжірибе алмасты. Түркиядан келген бес маман Қазақстанның әр өңірінен жиналған 40 комбустиологқа күйікті бағалау және емдеу, хирургиялық тәсілдер, жараны емдеу, тері трансплантациясы және реконструктивті хирургия бойынша теориялық әрі практикалық сабақтар өткізді. Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.
«TRT»-ның дерегінше, Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (TİKA) қолдауымен, Медицина ғылымдары университеті мен Қазақстанның Ұлттық медицина қауымдастығы ұйымдастырған оқыту бағдарламасы Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығында өтті.
Бағдарлама аясында түркиялық және қазақстандық дәрігерлер бірлескен операцияларға қатысып, клиникалық жағдайларды талқылап, науқастарға кеңес берді. Оқу қорытындысы бойынша мамандарға сертификаттар табысталды. Сонымен қатар TİKA күйікті емдеу, жараны күту және тері трансплантациясы кезінде қолданылатын заманауи медициналық жабдықтарды Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына табыстады.
Сондай-ақ осы аптада«TRT»-да «Түрік әуе жолдары өз тарихындағы ең ұзақ тікелей рейсті орындады„ деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.
Turkish Airlines әуе компаниясы өз тарихындағы ең ұзақ тікелей рейсті орындады. Арнайы чартерлік рейспен «Ювентус» футбол клубының делегациясын Австралияның Перт қаласынан Италияның Турин қаласына жеткізген Boeing 777-300ER ұшағы шамамен 13 мың 800 шақырым қашықтықты 16 сағат 27 минутта еңсерді. Flightradar24 мәліметінше, TC-LJE тіркеу нөмірлі әуе кемесінің бұл рейсі қашықтық пен ұшу ұзақтығы бойынша компанияның тікелей рейстері арасындағы жаңа рекорд болды.
Айта кетейік, ұшақ «Ювентус» командасын алып кету үшін бұған дейін Стамбұлдан Пертке TK3700 рейсімен шамамен 14 сағат 30 минут ұшып барған. Арнайы чартерлік рейс италиялық клубтың Австралиядағы турнесі аясында ұйымдастырылды.
Иран оқушылары компьютерлік олимпиадада төрт жүлде жеңіп алды — Parstoday
Иранның ұлттық компьютерлік олимпиада командасы Ташкентте өткен 38-ші Халықаралық компьютерлік олимпиадада (IOI 2026) екі күміс, бір қола медаль және бір құрмет дипломын жеңіп алды, деп хабарлайды Parstoday ақпарат агенттігі.
Аталған БАҚ-тың мәліметінше, байқау 9-16 тамыз аралығында өтіп, оған әлемнің 97-ден астам елінен 386 оқушы бақ сынаған.
Иран құрамасы халықаралық додаға төрт оқушымен қатысып, жүлделі нәтижеге қол жеткізді. Бұл жетістік ирандық оқушылардың информатика саласындағы халықаралық жарыстардағы жоғары әлеуетін көрсеткен.