Сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққан әйелдер саны артып отыр

АСТАНА.  9 қазан. ҚазАқпарат - Соңғы уақытта әлемде, соның ішінде Қазақстанда сүт безінің қатерлі ісігіне шалдыққан әйелдер саны артып келеді.
None
None

Бұл туралы бүгін Астанада сүт безі қатерлі ісігінің диагностикасындағы радиологиялық технологияның рөліне арналған конференция барысында денсаулық сақтау министрлігі Ғылым және адами ресурстар департаментінің директоры, профессор Мұрат Төлеуов мәлім етті.

«Бүгінгі таңда денсаулық сақтау саласындағы аса өзекті мәселелердің бірі босанатын әйелдердің ағзаларындағы кездесетін аурулар, оның ішінде сүт безінің қатерлі ісігі болып отыр. Өкінішке қарай, соңғы уақыттағы статистикалық мәліметтер әлемде де, соның ішінде Қазақстанда да сүт безінің қатерлі ісігіне шалдыққан әйелдер санының артып отырғанын көрсетуде», - дейді профессор М. Төлеуов.

 Оның айтуынша, бұндай жағдайлар әлемдік дәрігерлер қауымдастығын алаңдатып, қатерлі ісіктен сақтанудың тиімді жолдарын ізденуге мәжбүрлеуде.

«Қазіргі таңда Қазақстанда сүт безі қатерлі ісігін ерте бастан анықтауға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асуда. Қазақстандық скрининг бағдарламасының маңызды бағыттарының бірі радиологиялық диагностика технологиясын жетілдіру болып отыр», - дейді профессор.

Еске сала кетейік, Астанада өз жұмысын бастаған конференцияға Австрия, Германия, Бельгия, Чехия, Италия, Түркия, Египет, Голландия, Ресей, Өзбекстан мен Қырғызстан  елдерінен келген ірі ғалым-радиологтар бас қосуда. Екі күнге жалғасатын алқалы отырыста әлемнің жетекші ғалымдары қазақстандық әріптестерімен бірлесіп, радиология технологияларын енгізу саласының алдыңғы қатарлы тәжірибелерімен бөлісетін болады. Конференция аясында сүт безі қатерлі ісігін ерте анықтау бойынша  шеберлік сабақтары өткізіледі деп күтіледі.

Соңғы жаңалықтар