Су тасқыны: СҚО-да Тепличное елді мекені маңында мыңнан аса адам түні бойы жұмыс істеді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысындағы Тепличное елді мекенін тасыған өзен суынан қорғау үшін бөгет нығайтылып жатыр.

су тасқыны
Фото: Видеодан скрин

Әлеуметтік желіде Тепличное елді мекеніндегі бөгет тасыған Есіл суына шыдас бермей жарылды деген хабар тарады. Бұл жалған болып шықты. 

Қоғам белсендісі, Петропавл қалалық мәслихатының депутаты Зәкіржан Мамлютовтың айтуынша, бөгеттің кей жерінде судың жетуіне 25-40 см қалды. Сондықтан мыңнан астам адам кеше кешке қарай жұмысқа кірісіп, нығайтып жатыр.

— Бұл жерде төтенше жағдайлар департаментінің, Ұлттық ұланы академиясының, түрлі мемлекеттік мекемелердің, компаниялардың өкілдері, волонтерлер мен тұрғындар ұзын тізбек жасап жұмыс істеп жатыр. Төмен жерлерге құм салынған қаптарды қойып, үстін пленкамен жабады, — дейді Зәкіржан Мамлютов.

Осылайша, елді мекенге төнген қауіптің алды алынды. 

— Сергеев су қоймасында судың деңгейі түсіп жатыр. Новоникольское елді мекенінің маңында да Есілдің деңгейі түсе бастады. Петропавлға су әлі келіп жатыр, асып кетпеуі үшін тағы бір метрге бөгетті биіктетеміз. Адамдардан бөлек ауыр техниканы да жұмылдырдық, — деді СҚО ТЖД бастығы Жомарт Асқаров.

СҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы Евгений Журавлевтің айтуынша, жұмыс түні бойы тоқтаған жоқ. Қазір де мұнда адамдар қаптап, бөгеттің биіктігін өсіріп жатыр.

Бұған дейін СҚО-да Прибрежное елді мекеніне кіретін жолдың жабылғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар