«Сүйінші әке!» деген бір ауыз хабарын естігіміз келеді - Фристайлшы Ақмаржан Қалмырзаеваның әкесі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Бейжің Олимпиадасында фристайлдан ел намысын қорғайтын спортшыларымыз жарыс алаңына шығады. Олардың арасында жас спортшымыз Ақмаржан Қалмырзаева да бар.

«Сүйінші әке!» деген бір ауыз хабарын естігіміз келеді - Фристайлшы Ақмаржан Қалмырзаеваның әкесі

Осыған орай Ақмаржанның әкесі Қайрат Сатбекұлымен телефон арқылы тілдесіп, аз-кем әңгімеге тартқан едік.

- Қайрат Сатбекұлы, өзіңізді ҚазАқпарат оқырмандарына таныстырып өтсеңіз...

- Мен Қайрат Сатбекұлы Қалмырзаевпын, Шымкент қаласының тұрғынымын.

- Қайда, кім болып қызмет етесіз?

- Орталық Азия Инновациялық университетінде «Спорт» кафедрасын басқарамын.

- Қызыңыз Ақмаржан Ақ Олимпиадада ел намысын қорғауға Бейжіңге аттанып кеткеніне аптадан астам уақыт болды. Балаңыздан қандай үміт күтіп отырсыз?

- Қай ата-ана өзінің баласын биіктерден көргісі келмейді дейсіз. Біз де сол қызымыз Ақмаржан елінің байрағын желбіретіп, абыроймен оралса екен деп отырмыз. «Сүйінші әке!» деген бір ауыз хабарын естігіміз келеді. Күнде туыс-туған, дос жарандарымыз да Ақмаржан жарысқа қашан шығады деп қоңырау шалып, сұрап жатыр. Бүгін Олимпиада ойындарындағы алғашқы жарысына шығады. Б әріміз т ек сәттілік серік болса екен деп тілейік.

- Ақмаржанмен Бейжің Олимпиадасына кеткелі бері соңғы рет қашан сөйлестіңіз? Көңіл-күйі қалай сияқты?

- Қызымыздың үйде болғанынан түзде жүргені көп. Бірде ел ішінде жаттығуда жүрсе, бірде шетелде жарыста жүреді. Бір кеткенде айлап кетеді. Біз тек, телефонда, әлеуметтік желілерде ғана тілдесіп, амандығын біліп тұрамыз. Бейжіңге аман-есен жетіп алды. Жақында ғана сөйлестік. Көңіл күйі бәрі жақсы. Енді сол ел үмітін ақтап бір медаль алса деп отырмыз.

- Қызыңыз бұл спортқа қашан, қалай келді?

- 11 жасында келді. Бұл спортты өзі таңдады. Негізі алғаш рет көркем гимнастикамен айналысқан болатын. Ол спорт түрінен де жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Бірақ кейін, осы фристайлға ауысып кетті. Қазіргі таңдаған спортынан да жаман болған жоқ. Көптеген әлемдік жарыстарға қатысып жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр. Енді осы Олимпиаданың бір медалін алса деп армандаймыз.

- Ақмаржанның қандай жетістігі есіңізден кетпейді?

- Алғаш гимнастикамен айналысып жүрген кездегі жеңістері есімнен кетпейді. Ол кезде кішкентай-тұғын. Барған жарыстарының барлығынан жүлдесіз қайтпайтын. Бір күні «әке келіп сыйлығымды алып кетіңізші» дейді. «Ол не сыйлық көтере алмайтын» десем, «үлкен қорапта, келіңіз» деп қоймайды. Барсам шынымен үлкен қорап екен. Ішіндегі сыйлық кәдімгі телевизор. Ол кездегі телевизор шынымен үлкен еді ғой. Кейін, Ақмаржан үлкейді, есейді, есін жинады. Бала кезінде облыстарға шығарып салып, сағынып күтіп алатынбыз. Қазір жылына бір-екі рет келеді. Кеттім деп кетіп жатады. Біз тек сырттай амандығын тілеп, өзі сүйген кәсібіне кедергі келтірмейміз.

- Ақмаржан спорттан бөлек тағы қандай істермен айналысқанды ұнатады? Бос уақытын үйде қалай өткізеді?

- Үйде болғанда анасына көмектеседі. Анасы қаладағы мектептердің бірінде сурет салу мұғалімі. Анасымен бірге сурет салғанды ұнатады. Тамақты өзі пісіргенді жақсы көреді.

- Жалпы, қызыңыздың спортпен айналысқанына қуанасыз ба, әлде қарсы болған кездеріңіз болды ма?

- Жастық шағында әрине спортпен айналысқаны жақсы. Бірақ, қыз балаға спорт мәңгілік жолдас бола бермейді. Мен Ақмаржанға 20 жасқа толған кезінде «қызым, енді спортты қойсаң қайтеді» деп айттым. Сол кезде қызым маған «әке арғы ойыңызды түсініп тұрмын. Әр нәрсенің ертеме, кешпе өз уақыты болады. Мен де сол өзім жоспарым бойынша уақыты болғанда қоя қоямын» деді. Содан қайтып ештеңе айтқан емеспін. Жалпы, қазіргі спорты екінің бірі жалынан ұстай бермейтін асау спорттың бірі. Әкесі болған соң денсаулығын ойлап, уайымдайтын кезіміз болады. Міне, биыл жиырма алты жасқа толып отыр. Ақыл тоқтатып, толысқан кездері ғой. Ары қарай қызым қандай жолмен жүреді, өзі шешеді.

- Әңгімеңізге рахмет! Ақмаржанға сәттілік тілейміз.