Светлана Корнеева: Президент ел келешегін кемел, мемлекетімізді мәңгілік етуге бағытталған тағы бір қадам жасады

Оның айтуынша, Биыл Елбасымыз өз Жолдауын жылдағыдан ерте жариялап, оның себебін әлемдік дағдарыстың ықтимал зардаптарымен түсіндірді. Жолдаудан біздің еліміз мұндай жағдайларға алдын ала дайын отырғандығы жақсы аңғарылады. Сондай-ақ, Президент еліміздің әлем елдері арасында бірлік пен татулықтың биік шыңына бастар жолын көрсетіп отыр.
"Мұнда айтылған басымдықтардың ішінен менің жаныма ең жақыны - аңсаған мұратқа жетуді көздеген елдің негізгі басымдық ретінде татулық пен тұрақтылықты таңдап алуында болып отыр. Ұлт көшбасшысы халық тұтастығы сыналатын шақта бөріге жем болмас үшін бөлінбеуді бізге тағы да қайталап айтты. Келер жылы елімізде жақындасу, тұтасу жылы болғалы тұрғандай. Қазақ хандығының құрылғанына 550 толуы, Ата Заңымыз бен татулықтың алтын шаңырағы саналатын Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы кең көлемде аталып өтілмекші. Мен жаңа қазақстандық патриотизмді өскелең ұрпақ санасына сіңіре білуде Ұлы Жеңістің 70 жылдығының да алар орны ерекше деп санаймын.
Осы ретте, біздің «Видергебурт» неміс ұлттық орталығының мүшелері ұлттық құндылықтарын сақтап қоймай қазақ халқының салт-дәстүрлерін дәріптеп, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуде өлшеусіз өз үлестерін қосуда. Әсіресе, орталықта жүргізілетін тіл оқыту сабақтарында неміс тілімен қатар, мемлекеттік тілге де баса мән беріледі. Біздің қоғам елдің тыныштығы, халықтардың достығы үшін бәріне де дайын. Өйткені, қазіргі қоғамда бейбіт өмірден артық қандай құндылықтар бар дейсің.
Президент ел келешегін кемел етіп, мемлекетімізді мәңгілік етуге бағытталған тағы бір қадам жасады. Сол себепті Қазақстанда өмір сүріп отырған өзге ұлт өкілдеріне деген мемлекеттің қамқорлығына біздер де оң ықыласымызбен жауап беруіміз тиіс. Ол үшін біздің әрқайсымызға адал еңбекті қадір тұту, көп ізденіп, білімді серік ету, аға ұрпақты сыйлап, адамгершілік асыл қасиеттерге бойлау сияқты мінез-құлық керек. Бұл да бүгінгі күні біле білсек, қадірімізді арттыратын, өз туған еліміздің өркендеуіне үлес болып қосылатын біздің жақсы жақтарымыз болар еді. Әрбір ұлт өкілінің бойында жалындаған рух, осы Жолдауды орындауға деген ықылас-ниет зор болса, алынбайтын асу, көтерілмейтін белес жоқ. Іс жүзінде Қазақстанды мекен еткен барлық ұлт өкілдерінің тарапынан Жолдауға деген құлшыныс дәл осылай болып, бұл ұлы мұратқа біз де өз үлесімізді лайықты түрде қосамыз деген сенімдеміз", - дейді С.Корнеева.