13:09, 26 Ақпан 2009 | GMT +5
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі аймақтық комиссияның кезекті отырысы өтті
АҚТАУ. Ақпанның 26-сы. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Ақтауда облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі аймақтық комиссияның кезекті отырысы өтті.
Онда парақорлық пен жемқорлыққа қарсы бұқаралық ақпарат құралдарында үгіт-насихат жұмысын ұйымдастыру және жергілікті атқарушы органдардың сыбайлас жемқорлықпен күресі туралы сөз болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Заңбұзушылықтардың алдын алу мақсатында мемлекеттік органдар басшыларына тұрғын үй, жер мәселесі, мемлекеттік сатып алу, соның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен ұйымдастырылатын комиссия жұмыстарын мейлінше ашық әрі жариялы түрде өткізу қажеттігі ескертілді. Жергілікті атқарушы органдар қызметіндегі кемшіліктер де назардан тыс қалмады. Атап айтқанда, бірақатар қала, аудан әкімдерінің жұмыстарына тиісті сын-ескертулер айтылды. Мәжіліс қорытындысы бойынша, қала және аудан әкімдеріне, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдар басшыларына нақты тапсырмалар берілді.