Сыбайлас жемқорлықпен және экономикалық қылмыспен күрес жалғасуда - Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасының жұмыс қорытындысы
ШЫМКЕНТ. Шілденің 30-ы. ҚазАқпарат /Татьяна Пылаева/ - «Оңтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының қызметкерлері І жартыжылдықта 161 жемқорлық қылмысты анықтады»,
деп хабарлады облыс прокуроры Марат Ахметжанов, өзі басқаратын ведомствоның бірінші жартыжылдықтағы жұмысын қорытындылай келіп. Жемқорлардың қатарында жоғары лауазымды қызмет атқаратын шенеуніктер аз емес. Қылмыстық жауапқа тартылғандардың қатарында екі судья мен түрлі деңгейдегі 10 әкім бар.
Прокуратура экономикалық қылмыспен күрес саласында да белсенді жұмыс атқарды. «Бірінші жартыжылдықта мұндай 623 қылмыс тіркелді, 2008 жылдың алты айындағы көрсеткіш - 584 қылмыс болатын. Оның ішінде, 89 факті - банк саласына қатысты», дейді М.Ахметжанов. Прокурор сондай-ақ, банктік алаяқтығы үшін жауапқа тартылып жатқандардың тізімі артып отырғанын атап көрсетті. «Бұрын банк несиесін алудағы алаяқтық әрекеттері үшін тек несие алушы ғана қылмыстық жауапқа тартылса, қазір осынау күдікті несиелерді алуға көмектескен банк қызметкерлері де тергеудің қарауында», дейді Оңтүстік Қазақстан облысының прокуроры.
Мысалы, «Каспийбанктің» Шымкент филиалының несие бөлімінің менеджеріне қатысты қылмыстық іс қозғалып отыр. Ол несиенің қайтарылмайтынын біле тұра, 4,2 миллион теңгенің несиесін рәсімдеген. Шымкенттің Әл-Фараби аудандық сотының шешімімен банк менеджері 7 жылға кесілді.