15:32, 10 Наурыз 2009 | GMT +5
Сындарлы кезеңнің бағыты айқындалды
ҚЫЗЫЛОРДА. Наурыздың 10-ы. ҚазАқпарат (Руслан Игілік) - Елбасымыздың халыққа арнаған биылғы Жолдауы Қызылорда облысы тұрғындары арасында да үлкен қызығушылық туғызып отыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. - Бүгінгі таңда әлемді қаржы дағдарысы еңсеріп тұр. Дүние жүзін шарпыған қолайсыз жағдай қай елдің де ішкі тіршілігіне кері әсерін тигізіп отыр, - деді осы орайда ҚазАқпарат тілшісімен кездескен Сырдария ауданындағы №42 орта мектептің директоры Асылхан Дүйсебеков. - Қазақ елі бүгінгі дағдарыстан жол табу мақсатында көптеген жұмыстарды жүзеге асыра бастады. Мәселен, қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтау мақсатында мемлекет тарапынан банктерге қосымша қаржы бөлінді. Ол орта және шағын бизнестің, ірі кәсіпорындардың экономикалық белсенділігін қамтамасыз етуге оң ықпалын жасайтын болады. Тұрғын үй құрылысы мен үлескерлер проблемаларын шешуге қомақты қаржы қаралды. Халықтың іскерлік белсенділігін сақтау мақсатында орта және шағын кәсіпкерлік нысандарына 275 млрд. теңге көлемінде қаржылық қолдау жасалды. Жаңа салық кодексі бойынша біршама жеңілдіктер қаралған. Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 280 млрд. теңге көлемінде ақша бөлінді. Сонымен қатар, зейнетақының орта мөлшері, әлеуметтік төлемдер, бюджет қызметкерлерінің жалақысы және студенттер шәкіртақысы бұрынғыдан біршама көтерілді. Биыл мемлекет тарапынан оқу ақысын төлеуге қиналған студенттерге қолдау көрсетілді. Осының нәтижесінде білім алып жатқан жастар үшін 11 мың грант пен 40 мың несие қосымша қаржы бөлінді. Қазіргі қаржы қиындығына қарамастан Қазақстан өз әлеуетінің мықтылығын дәлелдеді. Осының барлығы Елбасының көрегендік саясатының жемісі.