Сырдария өзені жанындағы елді мекендерді су басу қаупі жоқ - ҚР ТЖМ

АСТАНА. 30 қаңтар. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ - Сырдария өзені жанындағы елді мекендерді су басу қаупі жоқ. Бұл туралы бүгін ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінде өткен брифингте ведомствоның ресми өкілі Любовь Шапошникова мәлім етті.

Сырдария өзені жанындағы елді мекендерді су басу қаупі жоқ - ҚР ТЖМ

«Қазіргі кезде Сырдария өзені жанындағы елді мекендерді су басу қаупі жоқ. Жағдай ұдайы бақылауда», - деді ресми өкіл.

 Оның атап өткеніндей, 24-25 қаңтарда Төтенше жағдайлар вице-министрі Жанболат Смаилов және Ауыл шаруашылығы вице-министрі Марат Төлібаев бастаған жедел топ Сырдария өзенінің бойын тікұшақпен шолып өткен.  

 Ресми өкілдің айтуынша, Қазақстандағы өзен-сулардағы су тасқыны қаупі туралы толық мәлімет әлі талданып біткен жоқ. 

 Жедел топ ұшу барысында Сырдариядағы мұз жағдайымен, Шардара су қоймасы және Көксарай су реттегішін толтыру деңгейімен, сонымен қатар құзырлы органдардың Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстары елді мекендерін су басуының алдын алу шараларымен танысты. 

 Ұшу барысы көрсеткеніндей, Оңтүстік Қазақстан облысы Маяқұм, Шеңгелді, Көксарай, елді мекендері аудандарында және Сырдария өзенінің төменгі жағы ағыны бойында мұз сақталған.

 «Ұшу қорытындысы бойынша, жұмыс кеңесі өтті, онда 2012 жылдың ақпан-наурыз айларына арналған Шардара су қоймасы және Көксарай су реттегіші  жұмыс кестесі, елді мекендерді су басу қаупінің алдын алу  бойынша қажетті шаралар талқыланды», - деді Л. Шапошникова.