18:03, 18 Мамыр 2009 | GMT +5
Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының логотипін әзірлеуге ашық конкурс жариялады
АСТАНА. Мамырдың 18-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - ҚР Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның 2010 жылғы Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) төрағалығының логотипін әзірлеуге ашық конкурс жариялады.

Бұл туралы бүгін елордадағы апталық брифингте осы ведомствоның ресми өкілі Ержан Ашықбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның айтуынша, конкурсқа Қазақстанда тіркелген дизайн, логотиптер мен фирмалық стильдер дайындауда тиісті тәжірибесі бар заңды тұлғалар, сондай-ақ компьютерлік графика мен дизайнда кәсіби тұрғыда жұмыс жасап дағдыланған Қазақстан азаматтары қатыса алады. «Сыртқы істер министрлігінің конкурстық комиссиясы конкурстық жұмыстарды бағалайды және оның қорытындысын шығарады. Ең үздік жобаға ақшалай сыйлық беру жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, барынша қызықты жұмыстар арнайы ынталандыру жүлделерімен марапатталады», деді ресми өкіл. Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының логотипі ассоциативтілік, қазіргі заманға сай, біртума және есте жақсы сақталатын, функционалдылық және қысқалық сынды базалық талаптарға сай болуы шарт. Логотип басқа мемлекеттердің дәстүрлері мен діндеріне қайшы келіп, қарсылық тудырмауы тиіс. Төрағалық логотипі Қазақстанның бет-бейнесін қазіргі заманғы, дамыған, тұрақты және ерекше бай мәдениеті бар, ұлттық өзгешелігі айқын, дүние жүзінде белсенді рөл ойнап отырған мемлекет екенін көрсетуі керек. Логотип ЕҚЫҰ-ның қазіргі ЛОГО-сы негізінде, оған төрағалық жасайтын елдің бірегейлігін графикалық жағынан көрсететін бір немесе бірнеше элементтерді қоса отырып әзірленуі тиіс. Барлық материалдар конкурс жарияланған күннен бастап 2009 жылғы шілденің 1-не дейін қабылданатын болады. Конкурстың ережелерін министрліктің сайтынан табуға болады.