СЫЗҒАНОВ АЛЕКСАНДР НИКОЛАЕВИЧ
Ресей Федерациясы Татар АКСР-нің Арск қаласында туған. 1918 жылғы Азамат соғысына қатысушысы.
Қазан мемлекеттік университетін бітірген. 1922-1934 жылдары - Қазан медицина институтының ассистенті, доценті. 1934-1945 жылдары - Қазақ медицина университетінде хирургия клиникасының меңгерушісі. 1941-1945 жылдары - қан құю станциясының директоры. 1945-1975 жылдары - Қазақ КСР Ғылым Академиясының клиникалық және эксперименттік хирургия институтының директоры. 1975-1980 жылдары - Қазақстан ғылыми-зерттеу клиникалық және эксперименттік хирургия институтының ғылыми кеңесшісі қызметін атқарған.
Александр Сызғанов лимфа жүйесі туберкулезін, жүрек-қан тамыр, тыныс алу, ас қорыту жүйелері ауруларын, эндемиялық бұғақ ауруын хирургиялық жолмен емдеу әдістерін тауып, оларды күнделікті дәрігерлік тәжірибеге енгізген.Онкологиялық бұғақ ауруының ісінуін емдейтін арнайы хирургиялық орталықтар құрды.
Оның басшылығымен Қазақстанда хирургия-клиникалық ғылыми мектебінің іргесі қаланды. Республикалық онкологиялық диспансер ашуды ұйымдастырушылардың бірі болды. Соғыс кезінде республикалық қан құю станциясын ұйымдастырылып, қан орнына қолдананылатын - КЗК сұйықтығы алынды. Ғалым 10 монография, 200-ден астам мақалалар, мен 900-ден астам ғылыми еңбектер жазған. Оның жетекшілігімен 18 докторлық және 80 кандидаттық диссертация қорғалып тағайындалған. Бұғақ ауруларын болдыртпау мақсатында тұзды йодтау жөніндегі жұмысты басқарған.
Қазақстан клиникалық және эксперименттік хирургия институты (қазіргі А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы) Сызғанов Александр Николаевич атымен аталады және Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде Сызғанов атындағы стипендия бар. Алматы қаласында Сызғанов атындағы көше бар.
4-5-ші, 7-8-ші шақырылымдағы Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңестің депутаты болды.
Үш рет Ленин, екі рет Еңбек Қызыл Ту, екі рет «Құрмет белгісі» ордендерімен және көптеген медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, «Денсаулық сақтау үздігі» белгісімен және КСРО Ғылым Академиясы Президиумының грамотасымен марапатталған.
Дерек көзі:
Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 8 том.
«ҚазАқпарат агенттігі»ҰК»АҚ Арнаулы жобалар бөлімімен толықтырылған.