Сіз секілді батыр болғым келеді…

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Алты жастағы түркістандық баланың хаты 100 жастағы майдангерді тебірентті.

Сіз секілді батыр болғым келеді…
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Жеңіс күні қарсаңында Созақ ауданында ерекше тағылымды кездесу өтті. Қозмолдақ ауылында тұратын 99 жастағы майдангер, ұлағатты ұстаз Мырзахмет Жылысбаевтың үйіне күтпеген қонақ келді. Аққолтық ауылындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектептің 1-сынып оқушысы — алты жасар Жігер Бекжанұлы ардагер атасына арнап жүрекжарды хат жазып, оны өзі оқып берді.

Жеңіс күніне арналған бұл ерекше кездесу — ұрпақтар арасындағы рухани сабақтастықтың нақты көрінісі болды. Жігердің хатындағы шынайы алғыс пен бала тілегі майдангердің жүрегін толқытып, жанарына жас үйірді.

Сіз секілді батыр болғым келеді…
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Жігердің сөзі қарапайым болса да, мағынасы терең:

— Мырзахмет ата, сіз соғыста елді қорғадыңыз. Бізге бейбіт өмір сыйладыңыз. Сол үшін сізге алғыс білдіремін. Мен сабағымды жақсы оқып жүрмін. Сіз секілді батыр болғым келеді. Сізді мақтан тұтамын. Сізге денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін, — делінген хатта.

Хатты тыңдаған ардагер тебіреніп, көзіне жас алды. Алладан елдің амандығын тілеп, бата берді.«Елдің болашағы осындай балақайлармен жарқын болмақ», — деді ол.

Мырзахмет Жылысбаев — екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері ғана емес, саналы ғұмырын жас ұрпақты оқытуға арнаған ардақты ұстаз. Ұлт руханиятына сіңірген еңбегімен ел есінде қалған тұлға.

Сіз секілді батыр болғым келеді…
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Ал Жігер — мұғалімдер әулетінде тәлім алып жатқан, кішкентай болса да жүрегі елге деген сүйіспеншілікке толы балақай. Оның әрекеті — қазіргі ұрпақтың бойында патриоттық тәрбиенің бар екенінің айқын дәлелі.

Бірі — соғыстың сұрапылын көрген көнекөз қария, екіншісі — болашақтың иесі болатын бала. Олардың арасындағы осындай жүрекжарды байланыс — елдің рухани бірлігін, тәрбиелік қуатын көрсетті.

Айта кетейік, бұдан бұрын Алматыда соғыс ардагерлеріне арналған 8 аллея ашылғанын жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар