«Сіздің даусыңыз маңызды»: Астанада екі жылдық жоба қорытындыланды
Астанада «Сіздің дауысыңыз маңызды» жобасының екі жылдағы қорытындысы талқыланды, деп хабарлайды Kazinform.
Бюджеттің қаншалықты ел игілігіне жұмсалып жатқанын бақылайтын «Ras aitamyn» медиасы, Маңғыстау халқының бүкіл базынасын әкімдікке айтуға бағытталған «Әкім чаты», ерекше мұқтаждығы бар балалардың ата-аналарына кеңес беретін «Ozim Platform» мобильді қосымшасы, ауа сапасына мониторинг жасайтын Airkaz.org сайты, жастарға жыныстық білім беретін @aspanchatbot телеграм каналы, әкімдер жұмысына мониторинг жасайтын «Обожаю» Youtube-арна. Бұлардың бәрі қазақстандықтардың өміріне цифрлық шешімдердің қаншалықты дендеп кіргенін көрсетеді.
Орталық Азияның Еуразия қоры 2022 жылдан бері осыларға ұқсас цифрлық шешімдердің қарапайым адамдар арасындағы танымалдығын арттырып, тұрғындарды азаматтық технологияларды күнделікті тұрмыста қолдануға машықтандыратын шаралар ұйымдастырып келеді. Астанада сол жобаның екі жылдық қорытындысы жарияланды.

«Сіздің даусыңыз маңызды» деген ұранмен ұйымдастырылған жоба 100 мыңнан астам қазақстандықты қамтыған.
Жобаға қолдау көрсеткен ұйым – Еуропа Одағының Қазақстандағы Өкілдігі. Аталмыш өкілдіктегі ынтымақтастық бөлімінің басшысы Йоханнес Баур жоба Қазақстанның түрлі өңірін қамтығаны дұрыс болды деп есептейді.
«Жоба көптеген азаматқа өте нақты жағдайларда көмектесе алды. Ең бастысы, жобаның нәтижесінде жағымды кейстер пайда болды. Жоба асторлары әкімдіктермен, азаматтық ұйымдармен жұмыс істеді. Осы арқылы қарапайым халық пен мемлекеттік органдар қатар пайдаланатын, арадағы байланысты шынайы ете түсетін көпір қалыптасып үлгерді», - дейді ол.
Қор директоры Ринад Темірбеков Қазақстанда ұсақ-түйек деп саналатын, бірақ барлық дерлік өңірге тән проблемалар көп екенін айтады.

«Қазақстандағы ұсақ-түйек деп саналатын проблемалардың көбі бірнеше өңірге тән болып келеді. Сондай проблемаларды шешуге арналған бастамаларды қолдау үшін Еуропа одағының демеуімен «Сіздің даусыңыз маңызды» дейтін жобаны қолға алғанбыз. Біз бұл жобада қазір қазақстандықтар үшін өзекті деп саналатын салалардың бәрін қамтуға тырыстық.
Жоба аясында Қазақстанда ақпарат технологиялары қаншалықты дамығанын, оларға қарапайым халық қаншалықты қол жеткізе алып жүргенін түсінуге тырыстық. Өйткені әлеуметтік проблемасы назардан тыс қалып жататын халықтың негізгі бөлігі ауылдарда тұрады.
Мемлекеттің бұл бағытта жоба-жоспарлары көп екенін естиміз. Түрлі ақпарат платформаларын құрып жатады. Лайықты бағасын беру керек, мемлекеттің бұл бағыттағы бастамаларының көбі тиімді. Сол тиімді құралдарды пайдалануға қаншалықты дайынбыз деген мәселе тағы бар.
Интерфейс қаншалықты қолайлы? Интернет сапасы қаншалықты біркелкі? Бұл мәселелерді шешіп алмасақ, ақпарат технологияларының тиімділігі төмен болады.
Бұл алғашқы қадам ғана шығар. Әрі қарай жалғастыратын да шығармыз. Оған өзге де қоғамдық ұйымдарды, мемлекеттік органдарды тартқымыз келеді. Бастамамызға қолдау білдірген Еуропалық Одақ өкілдеріне алғысымыз шексіз. 2022 жылдың қаңтарынан 2023 жылдың аяғына дейін олардың тарапынан үнемі қолдау сезініп келдік. Жергілікті әкімдіктер де барынша қолдау көрсетіп жатты.
Жоба аясында 10-ға жуық грант берілді.
Жоба аясында біз бөлген гранттар мен қамтыған бастамалар саны біреуге аз, біреуге көп көрінуі мүмкін. Бірақ біз мыңдаған адамды қарапайым тұрмыстағы мәселелерді цифрлық шешім арқылы шешуге үйреттік. Ең бастысы, ондай бастамалар көбінесе жастар мен әйелдерге бағытталды. Бұл екі санат қоғамдағы әлеуметтік тұрғыдағы ең бір осал әрі ең белсенді топтар деуге болатын шығар», - дейді Ринад Темірбеков.
Қордың менеджері Анар Арынова екі жыл бойы іске асқан шаралардың бәрі цифрлық сауаттылықты арттыруға, қоғам өміріне белсенді араласуға мүмкіндік беретін басқа да құралдарды меңгертуге бағытталғанын айтады.

«Қазақстанда азаматтық технологиялардың екі деңгейі бар. Оның біріншісі – мемлекеттік органдар ұсынып отырған eGov, eOtinish сияқты платформалар.
Бізден грант алушылар халыққа осы құралдарды қолдануды үйретті. Мысалы, мүгедектікті рәсімдеп, тіркету мәселесін жеңілдетуге атсалысты. Балалардың емдеу квоталарын электронды құралдар арқылы рәсімдеу қаншалықты оңай екенін көрсетті. Кейбір жастар ата-анасының шипажайда ем алуына өтінім жолдап үйренді.
Азаматтық технологиялардың екінші деңгейі – халық ішінен шыққан бастамалар. Бір жағынан бұлар мемлекеттік органдар ұсынған құралдардың жұмысын толықтырып, тіпті кейде орнын басып жатыр. Әсіресе, әлеуметтік желіні пікір ақтаратын орын ғана емес, нақты проблеманы шешетін орта ретінде пайдалану белең алып келеді. Бұл біздің «Сіздің даусыңыз маңызды» деген ұранымызға сай. Әлеуметтік желінің бұл тұрғыда ең қуатты, ең маңызды құрал екенін анық көрдік», - дейді Анар Арынова.
Жоба аясында қазақ және орыс тілдерінде жинақ әзірленіпті. Оған қоғамдағы мәселелерді азаматтық технологиялар арқылы шешумен көпшілік көзайымына айналған 11 кейс туралы қызықты мәліметтер ұсынылған.