08:33, 26 Қаңтар 2009 | GMT +5
«Табаған» спортшыларды қарсы алуда
ТАЛДЫҚОРҒАН. Қаңтардың 26-сы. ҚазАқпарат /Сандуғаш Дүйсенова/ - Алматы облысының Талғар ауданында орналасқан «Табаған» спорттық-ойын-сауық орталығында биатлоннан Қазақстан Республикасының чемпионаты басталады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасынан хабарлағанындай, чемпионат спринт және ізіне түсу жарыстары бойынша өтеді. 2009 жылғы биатлоннан әлем чемпионатына спортшыларды іріктеу бәсекесі де болып табылатын бұл чемпионатқа 10-нан астам халықаралық санаттағы спорт шеберлері қатысады. Олардың қатарында Елена Хрусталева, Александр Червяков, Инна Межевитина, Ян Савицкий, Анна Лебедева, Владимир Затула, Диас Кеңесовтар бар. Жарысқа қатысуға еліміздің 50 шақты спортшысы алдын-ала келісімін берген. Бас төрешісі - халықаралық санаттағы төреші Николай Выдрин.«Табаған» Алматы облысының Талғар ауданының аумағында, Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи саябағының маңайында орналасқан. Алматы қаласының шекарасынан қашықтығы ? 17 шақырым. Аумағы ? 55 гектар. Ал ең жоғары нүктесі теңіз деңгейінен 1650 метр биіктікте орналасқан.