Табиғи монополияларды реттеу агенттігі биыл да энергияны үнемдеуге басымдық береді - Н. Алдабергенов

АСТАНА. Қаңтардың 16-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Елімізде тұтынылатын энергияны үнемдеу Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің 2009 жылғы басым міндеттерінің бірі болып табылады.
None
None
Бұл туралы ведомство басшысы Нұрлан Алдабергенов бүгінгі жыл қорытындысына арналған алқа мәжілісінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның сөзіне қарағанда, бұл жұмысты іске асыру барысында ең алдымен нормативтік ысыраптарды кезең-кезеңімен төмендету және нормативтен тыс ысыраптарды жою қарастырылып отыр. Осы жұмстың нәтижесінде 5 жылдың ішінде көлік желісіндегі нормативтен тыс ысыраптарды толығымен болдырмау көзделуде. «Бұл шығындардың құны бүгінде 5 млрд. теңгені құрап отыр. Бұл бүгінгі күні тұтынушылар төлеп, алайда өндіріске жұмсалмай жатқан қаржы», деді Н. Алдабергенов. Агенттік төрағасы заңның жаңа нормасына сәйкес, табиғи монополиялар субьектілеріне сонымен бір мезгілде нормативтік техникалық ысыраптарды төмендету мерзімі белгіленетінін және шамасы айқындалатынын айтты. «Ысыраптарды төмендету жөніндегі жоспарсыз және ысыраптарды төмендету іс-шараларын жүзеге асыруды көздейтін бекітілген инвестициялық бағдарламаларсыз тарифтерді қайта қарауға өтінім қабылданбайтын болады. Заңның осы нормасын пайдалана отырып нормативтік ысыраптардың деңгейін төмендету үдерісін жалғастырамыз. Осы бағытта 2009 жылы әртүрлі салаларда ысыраптарды 1,1-ден 1,9 пайызға дейін төмендету басты мәселе», деді Н. Алдабергенов. Оның айтуынша, ысыраптардың деңгейін төмендетуді және энергияны үнемдеуді ынталандыру мақсатында табиғи монополиялар субьектілері үйлерге ортақ және жеке жылу мен суды есептеу құралдарын орнату жұмысын жалғастырады. Бұдан бөлек энергияны үнемдеу мақсатында сараланған тарифтерді енгізу жұмысы жүргізіледі.
Соңғы жаңалықтар