Табысың қанша, шенеунік? - баспасөзге шолу

АСТАНА. 28 мамыр. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 28 мамыр, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

Абылай туралы халықтық (фольклор­лық) аңыздар мен жырлар, негізінен, елдің түсінігі бойынша ең маңызды деп саналған төрт оқиғаны тақырып етіп алады. Біріншісі - жас Абылайдың жетімдік көруі; екіншісі - Сабалақ атанған баланың алғашқы ерлігі, өзін танытуы; үшіншісі - Абылайдың жекпе-жекте өлтірген жау батыры; төртіншісі - Абылайдың қалмаққа тұтқынға түсуі, одан шығуы.
Әртүрлі аңызда баяндалғанмен аталмыш төрт оқиға Абылай ханның ерекше қасиеттерін ашуға арналған. Демек, фольклор осы тәсілмен идеалды билеушінің бейнесін жасаған. Әлбетте, аңыздарда баян­далатын оқиғалар тарихи шындықпен дәлме-дәл келіп жатпайды, соған қара­мастан әр аңыз Абылай ғұмырындағы қиын сәттерді қамтыған және өзінше, фольклор заңдылығына сәйкес суреттеген.

Бұл жайында «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Аңызға айналған ардағымыз» атты мақалада айтылған. Мақала авторлары академик Сейіт Қасқабасов пен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры Алмас Әбсадықов.

Мақалада авторлар осы аталған төрт оқиғаға байланысты жеке-жеке өз тұжырымдарымен бөліседі. Шоқан, Мәшһүр Жүсіп, Құрбанғали Халид сынды шежіреші-ғалымдардың жазып қалдырған зерттеулерін мысалға келтіре отырып, Абылайдың тағдыр жолын тануға оқырманын жетелейді.

«Түйіндей келгенде, халық танымын­да Абылайдың бейнесі елді жаудан қор­ғаған батыр, халқын даналық істермен бас­қарған билеуші кейпінде бедерленсе, ол билеген Қазақ хандығы жан-жағын­дағы көр­шілерімен терезесі тең, мемле­кет­тілігі толық сақталған азат ел ретінде суреттеледі. Атақты ханның бейнесі елдің рухында азаттықтың рәмізіндей болып сақталып, бүгінгі күнге дейін жетті», - дейді авторлар.

Алматыға еліміздің туристік әлеуетін дамытуға және Қазақстанның туристік бағыт ретінде танымалдығын арттыруға бағытталған бастамаларын белсенді етуге жәрдемдесу мақсатында Бүкіләлемдік туристік ұйымының атқарушы директоры Фредерик Пиерред келді, деп жазады «Егемен Қазақстан» бүгінгі санында.

Лауазымды қонақ Алматы қаласы туризм бас­­қар­­­­масымен 2013 жылдың 8-9 қазанында Қазақстанда «Еура­зиялық тау-шаңғы курорттары» атты халықаралық конференцияны өткізу жөніндегі өзара келісім туралы меморандумға қол қойған екен.

- Қазақстанда туризмнің барлық түрін дамытуға мүмкіндік бар. Туризмді үш мәселе алға сүйрей алады, бірінші - оны дамытуға сая­си деңгейдегі басқару мен қолдау қажет, екінші - туристік өнімдер болуы шарт, үшінші - бұл сала насихат пен маркетинг жүргізіп отыруды қалайды. Меніңше, Қазақстаннан осы үшеуі де табылады. Оның үстіне Шығыс пен Батысты жалғап жатқан Қазақстан туристік тұрғыдан алғанда қолайлы географиялық ендікте орналасқан, - депті ол «Егеменге» берген шағын сұхбатында.

Қазан айына жоспарланып отырған Еуроазиялық конференция Қазақстанның БҰҰБТҰ құрамына кіруіне 20 жыл толуына орайлас келмек. 300-ге тарта туризм саласының мамандары қатысады деп күтіліп отырған конференция - еліміздің тау-шаңғысы туризмі саласындағы алғашқы халықаралық іс-шара болмақ.

«Егемен Қазақстан» газетінің бетінен «Таңсық - тарихи атау» деген атпен жарияланған мақаланы оқып шыққаннан кейін, иманым тас төбеме шықты. «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» эпосы - біздің ұлттық құндылықтарымызға жататын қымбат қазыналарымыздың бірі. Ал онда бас кейіпкерлермен қатарласа айтылатын Ай мен Таңсық біздің бабаларымыздан бастап, бүгінгі ұрпаққа дейін жүректерінің түкпірлерінде жатталып қалған қасиетті есімдер. Бұлар біздің тарихымызбен бірге жасасып келе жатыр», - деп жазады Қазақстанға еңбегі сіңген дәрігер, Қызылорда облысының құрметті азаматы Тұрғанбай Маханов.
Оның пікірінше, бұған ешқашан да жол беруге болмайды. «Ауылдың аты - атама, көшенің аты - көкеме» деген әрекетке қатаң тыйым салынуы керек. «Әлі жеткен, күші жеткен, қалтасы қалың, қаржысы мол әркім келіп, өзінің ел біле бермейтін әке-шешелері мен ата-бабаларына осылай ұлтымыздың ғасырлар бойғы мақтанышы болып келе жатқан қасиетті мекендердің аттарын тартып алып бере беретін болса, елдігімізден не қалады? Келер ұрпаққа нені апарамыз?»- дейді хат иесі.
Осы оқиғадан кейін Аягөз аудандық мәслихатының жағдайы да белгілі болып қалды. Енді мұндағылардың қателігін облыстағылар қайталай қоймайтын шығар деген үміттеміз.

***

«Айқын» газетінің бірінші бетінде «Қостанай қазақша атауға зәру» деген проблемалық мақала берілген. Автордың жазуынша, Қостанайдың кез келген ауданына іссапарға шықсаңыз, көзіңіз өзге тілде жазылған атау мен жазудан сүрінеді. Мәселен, Ресейге дейін жалғайтын асфальт жолмен Меңдіқара, Ұзынкөл аудандарға барып көріңізші. Алдыңыздан Сормовка, Молокановка, Нечаевка және басқа да атауды көресіз.

Қазіргі уақытта аймақта 19 Октябрьская, 12 Ленин, 7 Комсомолская, Советская, Калинин, 6 Киров, Пролетарская, 3 Совхозная және басқа да көшелер бар екен. Қостанайдағы 250 көшенің 26-сы ғана қазақша.

«Табысың қанша, шенеунік?» атты мақалада «Айқын» газеті Қаржы министрі Болат Жәмішев Табыс декларациясын жалпыға бірдей міндеттеу туралы Заңды қабылдау 2017 жылға қалдырылғанын айтқанын жазып отыр. Мұндай шешім Ресейде де бізбен бірге қабылданыпты. Мамандар Қазақстан мен Ресейде дәл қазір табыс салығын декларациялау тиімсіз деп есептейді. Олар «Табысын жасқанбай жариялаудың алғышарттары бізде де, Ресейде де қалыптасқан жоқ» деген себепті алға тартатын көрінеді.

Газеттің жазуынша, жалпы, табыс декларациясын жариялау туралы әңгіме 20 жылдан бері сөз болып келе жатыр. 2009 жылы тұңғыш рет мемлекеттік деңгейде айтылып, 2013 жылдан басталатындығы белгілі болған. Бірақ биыл басталмақ болған шараның келесі жылға жылжытылғаны өткен аптада белгілі болды. Мамандар мұның себебін «Халықтық ІРО» бағдарламасының қолға алынуымен байланыстырып отыр.

«Кеше «Өзіңнен баста» акциясын қолға алған шығысқазақстандық 6 шенеунік бір жылдық табыстарын жариялады. Өскемен қалалық қаржы бөлімінің жетекшісі К. Бұқабаев соңғы бір жыл ішінде 2 млн. 314 мың 376 теңге (айына 193 мың теңгеден), ал оның орынбасары И. Давыдова 1 млн. 999 377 теңге (айына 166 мыңнан) жинапты», - деп жазады газет.

Сондай-ақ, мақалада Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов, Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев, Дін істері жөніндегі агенттіктің төрағасы Қайрат Лама Шариф сынды бірқатар лауазымды тұлғалардың «Өзіңнен баста» акциясы аясында табыстары жөніндегі толық ақпараттарды бергенін жазады.

Алайда басылым бұл ақпараттардың әрдайым дұрыс бола бермейтіндігін алға тартады. Мәселен, «Нұр Отан» ХДП Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Санжар Боқайдың айтуынша, көптеген шенеуніктер кейбір дүние-мүлкін тұрмысы төмен туыстарының атына жазып қояды. Сондықтан декларацияда мұндайға жол бермейтін тетіктер ойлап табу қажет.

Соңғы жаңалықтар