Тағы бес жол учаскесінде орташа жылдамдықты бақылау іске қосылады
АСТАНА. KAZINFORM — 10 шілдеден бастап автожолдардың тағы бес учаскесінде орташа жылдамдықты бақылау жүйесі жұмысын бастайды, деп хабарлайды ҚР ІІМ баспасөз қызметі.
ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранованың сөзінше, Ішкі істер министрлігі жол жүрісі қауіпсіздігін арттыру бағытындағы жұмысты жалғастырып жатыр. Жол-көлік оқиғаларының алдын алудың тиімді шараларының бірі — автокөлік жолдарында көлік құралдарының орташа жылдамдығын бақылау. Бұл тәсіл қауіпті маневрлердің, жылдамдықты күрт арттырудың алдын алып, жүргізушілердің бүкіл жол бойында белгіленген жылдамдық режимін сақтауына ықпал етеді.
— 2025 жылғы 17 наурыздан бастап орташа жылдамдықты бақылау республикалық маңызы бар ақылы автожолдардың жалпы ұзындығы шамамен екі мың шақырымды құрайтын сегіз учаскесінде жүзеге асырылуда. 2026 жылғы 10 шілдеден бастап бұл жүйе жалпы ұзындығы 525 шақырым болатын тағы бес учаскеде іске қосылады: Ақтөбе — Қандыағаш, Алматы — Қорғас, Көкшетау — Петропавл, Астана — Теміртау және Астана — Щучинск автожолдарының қосымша учаскелері, — деді ол.
Сонымен қатар, қазір жалпы ұзындығы шамамен 2,5 мың шақырым болатын тағы 14 ақылы жол учаскесін кезең-кезеңімен осы жүйеге қосу мәселесі қарастырылып жатыр.
Ақтоты Боранова атап өткендей, орташа жылдамдықты бақылау жүйесін енгізудегі басты мақсат — жүргізушілерді жазалау емес, адам өмірін сақтау. Статистикаға сәйкес, жылдамдықты шамадан тыс арттыру ауыр зардаптарға әкелетін жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі болып қала береді.
— Барлық жол жүрісіне қатысушыларды белгіленген жылдамдық режимін сақтауға, жолда мұқият әрі жауапты болуға шақырамыз. Жолда үнемделген бірнеше минут адам өмірінен қымбат емес. Жол қауіпсіздігі әрқайсымызға байланысты. Өздеріңізді және жақындарыңызды сақтаңыздар! — деп ескертті ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы.
Бұған дейін елімізде 10 шілдеден бастап бірқатар автожол ақылы болатынын жазған едік.