Тағы бір Даңқ ордені толық иегерінің Батыс Қазақстан облысынан шыққаны анықталып отыр
Федор Филиппович Бородкин 1908 жылғы қаңтардың 12-сінде Ілбішін (қазіргі Чапаев) ауылында жұмысшы отбасында дүниеге келген. Мәскеуден 2000 жылы жарық көрген «Даңқ орденінің толық иегерлері» деген кітапта осылай жазылған. Жиырма жеті жыл бойы осы ауылда тұрып, 1935 жылы Сталинград облысы Михайловка ауылына қоныс аударған ол соғысқа дейін трактор-машина шеберханасында токарь болып еңбек еткен.
Федор Бородкин соғыс басталғаннан кейін-ақ, сол маусым айында майданға аттанады. Үнемі алғы шептен табылған ол әуелі минометші, сосын атқыш болса, 1943 жылдың қарашасынан барлаушы болып шыға келеді. Дербес Приморье армиясы 128-гвардиялық таулы-атқыштар дивизиясы 327-полкінің барлау бөлімшесінің командирі ретінде талай ұрыстарға қатысады. 1944 жылдың қаңтарында Керчь түбегінде әуелі Безымянная биіктігі маңындағы жау қорғанысын барлап алып, сосын бөлімшесін шабуылға бастап шығады. Траншеяға бірінші болып кірген батыл сержант жеке өзі жеті бірдей жау сарбазының көзін жояды. Осы ерлігі үшін оған 1944 жылғы ақпанның 15-інде үшінші дәрежелі Даңқ ордені беріледі.
Ерлік жолы осылайша жалғаса береді. 4-Украина майданы құрамында гвардия аға сержанты Ф.Бородкин Севастополь қаласының оңтүстік-батысына қарай Казачья бухтасы маңында дұшпанның атыс нүктесін анықтайды. Өз барлаушыларымен жау тылына өтеді. Өтіп қана қоймай, автоматымен фашистердің он сарбазын нысанаға іліктіреді. Бұл ерлігі үшін 1944 жылы маусымның 26-сында екінші дәрежелі Даңқ орденімен марапатталады.
Чехословакияны азат ету кезінде де ержүрек жауынгер көзге түспей қалмайды. Габуре елді мекеніне граната лақтырып, автоматтан оқ жаудырып кірген Бородкиннің барлаушылар тобы қарсыластың екі автомобилі мен қос зеңбірегінің күлін көкке ұшырады. Сөйтіп Федор Бородкин 1945 жылғы наурыздың 24-інде бірінші дәрежелі Даңқ орденінің иегері атанады. Бұл орденді оған дивизия командирі, генерал-майор М.И.Колдубов табыс еткен.
Оралдық өлкетанушы Анатолий Трегубовтың деректеріне қарағанда, Даңқ ордендерінен басқа жауынгерлік медальдармен де марапатталған Ф.Ф.Бородкин 4-Украина майданы әскерлері қатарында Мәскеудегі 1945 жылғы Жеңіс шеруіне қатысады. Осыған іле-шала ол Чехословакия астанасы Прагадағы салтанатты шеруде де саптан табылады.
1945 жылы Михайловка ауылына оралған жеңіс сарбазы жары Мария Григорьевнамен бірге екі ұл, төрт қызды тәрбиелеп өсіреді. Сол жердегі двигательдер шығаратын зауыттың жөндеу-механикалық цехында аға шебер болып, еңбек етіп, зейнеткерлікке шығады. 1972 жылғы маусымның 11-інде 64 жасында өмірден озған ерді Михайловка тұрғындары әлі күнге дейін қастерлейді.
Батырға енді туған жерінде де осындай құрмет көрсетілсе, еш артық емес.