Арнайы автобустар мен 3 мың қызметкер: Алматыда Джей Ло концертіне дайындық басталып кетті

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматыда 10 тамыз күні әлемдік поп-жұлдызы Дженнифер Лопестің концерті өтеді.

алматы стадион
Фото: Алматы әкімдігі

Алматы әкімдігінің мәліметінше, музыкалық кешті жоғары деңгейде өткізу үшін Орталық стадион дайындалып жатыр. Атап айтқанда, трибуналар жөнделіп, баспалдақтар жаңартылып, орындықтар ішінара жөнделіп жатыр.

- Стадион аумағында жүріп жатқан кішігірім құрылыс және жөндеу жұмыстары 9 тамызға дейін толық аяқталады. Бұған дейін стадионның жарық жүйесі жаңартылып, 50-ден астам шам ауыстырылды. Қазіргі таңда сахнаның техникалық жабдықталуы мен қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі тексерілуде. Сыртқы дәретханалар жаңартылды, қоршаулар қалпына келтіріліп, іргелес аумақ абаттандырылды, - деп хабарлады әкімдіктен.

Одан бөлек сахнаның техникалық жабдықталуы мен қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі тексеріліп жатыр.

Жалпы концерт кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 2960 қызметкер жұмылдырылады. Оның ішінде 2240 полиция қызметкері, 600 әскери қызметкер, 120 жеке күзет агенттігі өкілдері және 300 ерікті бар.

Музыкалық кешке келетін қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында стадионға кіретін 26 бақылау бекетінің әрқайсысында металл детекторлар мен 52 қол сканерлері орнатылады.

- Стадион аумағы төрт негізгі фан-аймаққа бөлінеді, әрқайсысы 2–3 мың адамға арналған. Бұл көрермендердің қозғалысын бақылау мен тәртіп сақтауға мүмкіндік береді.Стадион жанына қосымша 100-ге жуық биодәретхана қойылады. «Таза Қазақстан» акциясы аясында еріктілер тазалық жұмыстарын жүргізіп, іс-шара барысында тазалықты қамтамасыз етеді, - деп түсіндірді қала басшылығы.

Стадион аумағында жедел жәрдем және өрт сөндіру көліктері кезекшілік етпек. Сондай-ақ адамдарға ыңғайлы болу үшін арнайы бағыттар бойынша 50 автобус жұмыс істейтін болады.

Еске салайық, 1 тамыз күні америкалық поп-жұлдыз Дженнифер Лопес «Астана Арена» стадионында жеке концерт берді.

Соңғы жаңалықтар