11:10, 13 Маусым 2016 | GMT +5
Таиландта жолаушыларды әуежайға жеткізген автобус өртеніп кетті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бангкоктағы Суваннапхум әуежайына бара жатқан жолаушылар автобусы өртеніп, небәрі бірнеше минуттың ішінде жанып кетті. Жүргізуші есікті ашып, жолаушыларды қауіпсіз жерге шығарып үлгерді. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ, деп хабарлайды жергілікті полиция.

ТАСС агенттігінің хабарлауынша, оқиға әуежайға баратын жолда орын алған. Бангкок агломерациясының бір бөлігі болып табылатын Самутпракан провинциясынан келе жатқан 20 жолаушысы бар автобус қозғалыс кезінде өртене бастады.
Жалын тез таралды. «Өрт сөндірушілер келгенше, автобус жалынға оранды. Абырой болғанда, жолаушылардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ», - деп хабарлады Таиланд астанасының аумағында орналасқан Латкрабанг аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары. Өрттің шығу себептері анықталуда.