Таиландтың ең жас премьер-министрі Пхетонгтхан Чинават туралы не білеміз

АСТАНА. KAZINFORM – 37 жастағы Пхетхонгтхан Чинават жексенбіде король Вачиралонгкорнның ресми мақұлдауын алғаннан кейін Таиландтың ең жас премьер-министрі болды. Бұл тағайындау ол парламентте көпшілік дауыс алған соң екі күннен кейін болды.

Таиландтың ең жас премьер-министрі Пхетонгтхан Чинават туралы не білеміз
Фото: Ing Shinawatra Facebook

Пхетхонгтхан – бұрынғы премьер-министр Таксин Чинаваттың кенже қызы. Ол 2001-2005 және 2011-2014 жылдары бұл қызметте болған әкесі мен тәтесі Йинглак Чинаваттың ізін жалғастырып отыр. Сайлау қорытындысы бойынша ол – елді басқаратын екінші әйел және Чинават отбасының осы лауазымды атқарған үшінші мүшесі.

Оны бұл лауазымға бекіту Конституциялық соттың Сеттх Тависинді премьер-министр қызметінен босату туралы шешімінен кейін болды. Қазіргі және бұрынғы премьер-министрлер «Пхыа Тхаи» партиясынан. Өкілдер палатасының дауыс беруінде Пхетонгтхан жеңіске жетті.

«Бұл мен үшін үлкен құрмет және мақтаныш. Мен, менің отбасым және «Пхыа Тхаи» партиясы Мәртебелі мырзаға көрсеткен мейірімділігі үшін шексіз алғысымызды білдіреміз. Мен өз міндеттерімді ұлт пен халықтың игілігі үшін берілгендікпен және адалдықпен атқаруға бел будым», - деді Пхетхонгтхан.

Пхетхонгтхан «Пхыа Тхаи» партиясын 2023 жылдан бері басқарып келеді. Ол өз отбасының саяси дәстүрін жалғастырғаннан кейін Тайланд саясатындағы көрнекті тұлғаға айналды. Ол сондай-ақ табысты кәсіпкер және шамамен 2 млрд доллар тұратын 21 компанияның иесі, оның ішінде SC Asset Corporation бар.

Пхетхонгтхан Чинават жақын арада министрлер кабинетінің құрамын жариялайды.

Ағылшын тіліндегі түпнұсқа материалды мына жерден оқуға болады. 

Соңғы жаңалықтар