​​Такси қызметінің 80% жалғыз монополист Яндекске тиесілі — мемлекет мұны қалай шешуге тиіс

такси
Фото: Pexels

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгінгі күні Қазақстанда такси саласы — үлкен өсу әлеуеті бар көлемді нарық. 2023 жылғы статистика бойынша жолаушыларды такси арқылы тасымалдау қызметі 5,9 млрд  теңге мөлшерінде табыс әкелді, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 18%-ке артық. Кірістің 98,6 пайызы — жеке компаниялар есебінен, 1,4 пайызы — мемлекеттік меншіктегі көлік есебінен қамтамасыз етілген. Еліміздегі такси қызметінің проблемаларына экономикалық зерттеулер институты бәсекелі ортаны зерттеу орталығы директорының орынбасары Азат Махватов шолу жасады.

Қазақстан такси қызметтері қауымдастығының деректеріне сәйкес, қазақстандық нарықтың 80 пайызы «Яндекс» тасымалдаушыларына тиесілі, бұл — іс жүзінде қазақстандық нарықтағы монополист.

Қазақстан нарығында шетелдік тасымалдаушылардың басым болуының себептері:

— Тиісті мемлекеттік органды қызметті немесе іс-қимылды жүзеге асырудың басталғаны туралы хабардар ету арқылы нарыққа оңай кіруге мүмкіндік беретін қолданыстағы мемлекеттік реттеу.

— Жүргізушілер мен клиенттерді біріктіретін және қолайлы онлайн форматта А нүктесінен В нүктесіне автокөлікті шақыру қызметіне тапсырыс беруге мүмкіндік беретін онлайн-алаңдарда шетелдік компаниялардың жұмысы.

Өткен жылы такси қызметін 47 млн жолаушы пайдаланды, бұл — әртүрлі көлік түрлерімен тасымалданатын бүкіл жолаушылардың 3,4 пайызы. 

кесте
Фото: Экономикалық зерттеулер институты

Шетелдік агрегатор-компаниялардың мұндай артықшылықтары, өз кезегінде, клиенттердің бағаларын, жүргізушілердің тарифтерін, таксопарктерге шарттарды шектеусіз белгілеуге және қазақстандық компаниялардың бәсекелесу мүмкіндігін шектеуге мүмкіндік туғызады.

«Шындығында, қазақстандық тасымалдаушылар қаржылық және әкімшілік ресурстардың шектеулі болуына байланысты мұндай компаниялармен бәсекелесе алмайды. Осылайша, AppStore немесе GooglePlay сервистеріне кіріп, такси сөзін теру арқылы такси шақыратын көптеген өлі қосымшаларды көруге болады. Мысалы, „Апару“, Uvu Family, Ontaxi, „Такси Бауырсақ“ отандық агрегаторлары небәрі 401, 533, 10 және 1,9 мың мәрте жүктелген. Салыстыру үшін, „Яндекс такси“ қосымшасын 1,1 млн астам адам жүктеген. Мұндай жағдайларда мемлекет нарыққа отандық қатысушыларды ұлғайту арқылы осы саладағы бәсекелестікті „арттыруы“ тиіс», — дейді Азат Махватов. 

Алайда, нарықтың барлық қатысушыларына меншік нысанына және кез келген өзге мән-жайға қарамастан, Қазақстанда бәсекелестікті қорғау мен дамытудың 2022 — 2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде тең жағдайлар мен мүмкіндіктер берілуі тиіс екенін есте ұстаған жөн.

Яғни, шетелдік агрегатор компаниялардың қазақстандық нарыққа кіруіне тыйым салуды енгізуге жол берілмейді және біздің еліміздің бәсекелестігі мен инвестициялық тартымдылығына теріс әсер етуі мүмкін.

«Осылайша, ратификацияланған „Инвестордың құқықтарын қорғау туралы“ Конвенциядан туындайтын Қазақстан Республикасының міндеттемелерін негізге ала отырып, іске асырылған инвестицияларға байланысты инвесторлар қызметінің құқықтық режимі реципиент елдің заңды және жеке тұлғалары үшін қызмет режимін жүзеге асыру шарттарынан кем қолайлы бола алмайды. Сонымен қатар, автомобиль көлігі туралы заңнамада көрсетілген такси нарығын қолданыстағы реттеу агрегатор компаниялардың ресми такси тасымалдаушыларымен жасалған ақпараттық-диспетчерлік қызмет көрсету жөніндегі шарттар негізінде өз қызметін жүзеге асыра алатындығына дейін азаяды (заң бойынша тек жеке кәсіпкерлік субъектілері ғана бола алады). Тасымалдаушы емес агрегатор компаниялардың өзге де құқықтары мен міндеттері заңнамада көрсетілмеген. Бұл ретте такси тасымалдаушылары, өз кезегінде, такси ақаулы болған жағдайда оны уақтылы ауыстыруды қамтамасыз етеді және автокөлік құралдарының рейс алдындағы техникалық байқауынан және такси жүргізушілерінің рейстен кейінгі медициналық байқауынан өтуін қамтамасыз етеді, такси жүргізушілерінің еңбек және демалыс режимінің сақталуын қамтамасыз етеді, ал агрегатор компания тек осы процесті бақылайды. Тиісінше, мұндай компаниялар іс жүзінде ешқандай шығындар мен міндеттерсіз байиды», — деп атап өтті орталық директорының орынбасары.

Оның айтуынша, такси нарығын одан әрі жетілдіру бойынша мемлекет іске асыратын шаралар бәсекелестікті тиісті қорғауды қамтамасыз етпейді, бірақ әлеуметтік проблемаларды шешуге бағытталған.

Жоғарыда аталған дәлелдердің жарқын мысалы — 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін және жеке тұлғаларға таксидің ресми тасымалдаушысы ретінде танылуға мүмкіндік беретін заңнамаға қабылданған түзетулер. 

Екінші жағынан, мұндай реттеу тетігі қисынды болып көрінеді, өйткені ол мемлекеттің бизнес істеріне шамадан тыс араласуынсыз тұтынушылар мен такси жүргізушілерінің заңды мүддесін қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған.

Осы жағдайларда нарықта салауатты бәсекелестік ортаны сақтай отырып, отандық агрегатор компаниялардың өсуін қалай қамтамасыз етуге болады деген қисынды сұрақ туындайды?

«Менің ойымша, бұл мәселенің тамаша шешімі шетелдік компаниялармен бәсекелесуге мүмкіндік беретін базалық капиталы бар өз агрегаторын құру үшін ортақ қаржы және адам ресурстарын біріктіру мүмкіндігін ұсынатын бір қауымдастыққа немесе консорциумға біріккен жергілікті қазақстандық кәсіпкерлердің саналы кооперациясы болуы мүмкін. Сонымен қатар, мемлекеттің функциялары, менің ойымша, осындай бірлестіктерді ынталандыруға, өзін-өзі реттейтін ұйымдарды немесе қазақстандық нарық өкілдерінің қауымдастықтарын құруды ынталандыруға бағытталуы тиіс. Осы дәлелдерді растау 2018 жылы Астанада өткізілген пилоттық жобаның нәтижелері болуы мүмкін, оның шеңберінде елордалық кәсіпкерлер өз автомобильдерінің Астананың автобус жолақтарымен жүруін, , сондай-ақ қала әкімдігімен олардың қызметкерлерін тасымалдауға ұзақ мерзімді келісімшартты қамтамасыз еткен ерікті өзін өзі реттейтін ұйым құрды. Мен айтқан мән-жайларды қорыта отырып, мемлекет отандық бизнеске қарапайым такси жүргізушілерінің, отандық бизнестің максималды өсуімен тұтынушылардың мүдделерін барынша қорғауды қамтамасыз ете алатын, нарықты реттеудің „балама“ құралдары шеңберінде өз қызметін жалпы үйлестірудің маңыздылығын жеткізе алатын „күшті қол“ болуы керек деген ойды айтқым келеді, ол үшін тек түсіну қажет», — деп түйіндейді Азат Махватов. 

Соңғы жаңалықтар
telegram