Такси жүргізушісін ұрған жолаушылар 15 күнге қамалды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы қаласының сотында такси жүргізушісі жолаушылар арасындағы қақтығысқа қатысты екі іс қаралды.

Әлеуметтік желіде оқиғаның бейнежазбасы тараған болатын. Онда екі жолаушының жүргізушінің көлік ішінде темекі шекпеу туралы өтініш елемей, дөрекілік көрсетіп, оған соққы жасағанын көруге болады.
Сот жүргізушіні ұрған азаматты ҚР Қылмыстық кодексінің 109-1-бабы 1-бөлігімен (денсаулыққа жеңіл зиян келтіру) кінәлі деп танып, 12 тәулікке қамаққа алуды және жәбірленушінің азаматтық талабын ішінара қанағаттандырып, 100 000 теңге мөлшерінде моральдық шығын өндіруді шешті.
Екінші жолаушы көліктің алдындағы орнында отырып, жүргізушімен тағы да қақтығысқа түсіп, балағат сөздер қолданған. Ол ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 434-бабы 1-бөлігімен (кішігірім бұзақылық) жауапқа тартылды. Сот К.-ға 15 тәулікке әкімшілік қамау жазасын тағайындады.
Екі сот актісі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, Алматыда жедел жәрдем көлігіне жол бермеген жүргізуші жауапқа тартылғанын жазғанбыз.