Тал бесіктен жер бесікке дейін: Перзент дүние есігін ашқанда
АСТАНА. KAZINFORM – 16 наурыз -Наурызнама онкүндігнің үшінші күні – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Осыған орайназарларыңызға ұлтымыздың тал бесіктен жер бесікке дейінгі ғұмырындағы маңызды салт-дәстүрлерін ұсынылады.
Қазақ халқы дүниеге бір перзент келсе, тек сол перзент келген отбасы ғана емес, бүкіл ауыл, ел-жұрт, туыс-туған түгел мəре-сəре қуанып, шашу апарып, «бауы берік болсын» айтуды кісілік парызы санайды.
Перзент дүниеге келіп, оны құндақтап орап, анасының қасына жатқызған соң, жолы, жасы үлкен бір əйел шашу шашады. Онда дүниеге келген перзент ұл болса:
– Айдарынан желе сіп,
Атойнатар ерболсын.
Маңдайынан күн сүйіп,
Ақыл-ойы мол болсын! – деп жақсы мінез, жарасымды қасиеттер даруын тілейді. Ал, дүниеге келген перзент қыз болса, онда:
– ЖүзіАйдай жарқырап,
Ауылға болсын өнеге.
Болып елге шамшырақ,
Жетік болсын өнерге! – деп оның ақылды, білімді, көрікті, өнерлі болуын тілейді.
Бұл – өмірге жаңа ұрпақ əкелген ана мен өмір есігін алғаш ашқан перзентке деген құрмет пен игі тілек. Сондай-ақ, адамдар арасындағы достық пен береке-бірлікті арттыратын өнеге.
Бала ананың жанында жатса, ана жүрегінің дүрсілін естіп тыныш ұйықтайды əрі болашақта мейірлі, ізгі ниетті болып өседі.
Кіндік кесу
Қазақ халқы баланың кіндігін өнегелі, үлгі-тағылымды кісілер мен қулық-сұмдықтан пəк жас балаларға: «Үлгі-тағылымды болсын, адал, арлы болсын» деген ниетпен кестіреді де, кескен жерін мықтап байлап, кіндік түбіне қойдың құйрық майын жағып, таза дəкемен кіндікті ақырын бастырып орап таңып тастайды. Қойдың құйрық майы баланы түрлі жел-құздан сақтап, кіндікті ораған дəкені кіндікке жабыстырмайды. Ал, кіндікті сыртынан бастырып таңып қойса, бала жылағанда кіндігі сыртына шықпай тез түсіп, тез жазылады.
«Кіндік шеше», «кіндік əке» болу

Қазақ салтында «кіндік шеше», «кіндік əке» болу аса абыройлы іс саналады. Сондықтан «кіндік шеше», «кіндік əке» болғысы келген кісілер нəресте дүниеге келмей тұрып-ақ, оның ата-анасына: «ұмытып қалмаңыздар, балаңыздың кіндігін өзім кесемін» деп күні бұрын айтып қояды əрі сол күннен бастап сол отбасымен жиі қарым-қатынас жасап, түрлі жұмыстарына қарасып-қайырылыса бастайды. Ана босанғанда басы-қасында болып, үй шаруаларына көмектеседі əрі баласының кіндігін кесіп, ресми «кіндік шеше» немесе «кіндік əке» болады. Бұл салт адамдар арасында береке-бірлік пен достықты нығайтады. Туысты көбейтіп, өрісті кеңейтеді.
Шілдехана күзету

Шілдехана – жаңа туған бала мен жаңа босанған ананың құрметіне жасалатын ойын-сауық. Шілдехана күзетуге, негізінен, босанған ананың жақын маңдағы туыс-туғандары мен көрші-қолаңдарының жігіт-желең, қыз-қырқындары, сондай-ақ, өнер сүйер үлкен-кіші ауыл адамдары келеді. Онда əр күні кеште ел орынға отырып, малды қора-лап, ас-су ішіп, ат-көліктерді отқа қойған соң, босанған ананың үйіне жиналып əн салып, күй тартып, өзара айтысып, жаңа босанған ана мен нəрестені əсем əнмен əлдилеп, тəтті күймен тербетеді.
Шілдехана əдетте бір апта, тіпті 40 күнге дейін шам өшірмей жалғастырылады. Шілдехана күзетудің өзіндік ғылыми мəні бар.
- Жас босанған анамен нəрестенің шошынып, түрлі жүйке ауруларына шалдығуының алдын алады.
- Жаңа туған нəрестенің тұншығып қалуының немесе зиянды жəндіктердің шағып зақымдап кетуінің алдын алады.
- Жас босанған анамен нəресте əн-күй, өлең-жыр тыңдап, тез сергиді. Бала болашақта ізгі ниетті, өнер сүйгіш, ақкөңіл, ашық-жарқын болады.
Балаға ат қою
Жаңа туған балаға ат қою – өмірлік мəн-маңызы бар, аса игілікті іс саналатындықтан, қазақ халқы балаға ат қоюға ерекше көңіл бөліп, өмір есігін ашқан əрбір перзенттің атын жалпақ жұрт сыйлап-қадірлейтін білікті, қадірлі кісілерге қойдыруға тырысады. Əдетте баланың атын ел-жұрт көп жиналған шілдехана үстінде қояды. Онда атын қоятын баланы: «мына балаға ат қойып беріңіз» деп көп ортасында отырған білікті кісілердің біріне ұстатқанда, əжейлер оған «бай-бақытты болсын» деп шашу шашады. Баланы қолына алған кісі оның құлағына: «Сенің атың – ... !» – деп үш рет дауыстайды да, баланың бетін ашып, көпшілікке көрсетеді. Сыртта азан шақырылады. Міне, бұл «ат қою» деп аталады. Тіліміздегі «азан шақырып қойған аты» деген сөз тіркесі содан қалған. Балаға азан шақырып ат қойған соң, үлкен кісілер ақ баталарын беріп бет сипайды.
Қазақ дəстүрінде, мейлі туа салып шетінеп кетсін, мейлі ай-күні толмай түсік болып түссін, адам бейнесін қалыптастырған балаға ат қойып, жаназа шығарып жерлейді. Қазақ халқының ат қою дағдысының өзіндік мəн-мағынасы жəне ғылыми негізі бар, яғни қазақ халқының ат қоюына қарап оның таным-түсінігі, салт-санасы, арман-тілегі, сондай-ақ, этикалық талғамы мен ұлттық болмысы өте анық байқалады.
Материал Айып Нүсіпоқасұлының «Тал бесіктен жер бесікке дейін» атты кінабына негізделіп дайындалды.