«Талақ» алған әйел некесі заңдастырылмағандықтан әлеуметтік көмек те ала алмайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Дәстүрлі емес діни ағымдардың дәурені жүріп тұр. Олардың қатары күннен күнге көбейіп келеді. Мәселе олардың сырт келбеті немесе өмірлік таңдауында да емес. Ең бастысы - олар дәстүрлі исламның құндылықтарын аяққа таптап, наным-сенімге селкеу түсіріп жатыр. Сондай құндылықтың бірі - қасиетті неке. Неке олар үшін ойыншыққа айналды.

«Талақ» алған әйел некесі заңдастырылмағандықтан әлеуметтік көмек те ала алмайды

Бұл жайлы жуырда Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы да қадап, жетер жеріне жеткізіп айтты. "Өзге ағымда жүрген бауырларымыздың арасында намазға келіп жүрген жас қыздарды "мен сенің түріңді көріп қойдым, шариғат бойынша сенің жүзіңді көргендіктен неке қиямыз" деп алдап, ата-аналарының рұқсатынсыз, тіпті машинасының ішінде достарын шақырып неке қидыратын үрдіс пайда болды. Ол жігіт бірнеше ай өткен соң "талақ" деп, әйелін екінші досына береді екен. Осындай жағдайға ұшыраған әйелдер бізге жиі шағым айтып келеді», - дейді бас мүфти.

Жаңа бас қосқан қосағына «талақ» айтып, досының еншісіне беру, әрине, ешбір діннің шеңберіне сыймайтын әрекет. Әлбетте, дәстүрлі ислам жолымен жүретін амал-ғибадатын Аллаға арнаған, ниеті түзу мұсылманның бұлай істемесі белгілі. Талақ деген арабша «бір нәрсені ажырату, босату» деген мағынаны береді екен. Шариғат талабы бойынша «талақ» арасына белгілі бір уақыт салып үш рет айтыл уы тиіс.«Талақ» сөзін 3 рет қайталаған ер адамның некесі бұзылады. Абдулла ибн Омардан (р.а.) жеткен риуаятта Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Алла тағала үшін халалдың ең жағымсызы - талақ», - дегені айтылады.

Сол үшін соңғы бір-екі жылда Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы үлкен қалалар мен аймақтардағы мешіт қызметкерлеріне, имамдарға азаматтық хал актілерін тіркеу мекемесінде (АХАТ) некесін заңдастырмаған жастардың некесін қимау туралы тапсырма берген.

Бұл мәселеге Дін істері комитеті де үн қосты. «Шариғат бойынша да, Қазақстанның заңы бойынша да неке - әйел мен еркек арасындағы неке одағы. Әрбір одақ сияқты некенің де қатаң сақталуға тиіс құқықтық шарттары бар. Жалпы, Қазақстан заңдары мен шариғат ережелері бір-біріне қайшы емес. Олардың негізінде ерлі-зайыптылардың отбасы мүшелеріне қамқор болуға қатысты міндеттері көрсетілген. Алайда, еліміздің жекелеген өңірлеріндегі дәстүрлі емес ислам ағымдары өкілдері арасында заңсыз некеге отыру және ажырасу оқиғалары кездесіп жатады. Ондай «некенің» көпшілігі ата-ананың рұқсатынсыз және мешіттен тыс жерде қиылады. Сондықтан ондай «некелер» ешқандай жауапкершілік жүктемейді және негізінен күйеуінің қалауымен аз уақытта бұзыла береді. Осындай жалған «неке» мен «талақтың» кесірінен көпбалалы әйелдер қаптаған қиыншылықтың ортасында бір өзі қалады. Некесі заңдастырылмағандықтан ол балалары үшін әлеуметтік көмек те ала алмайды. Бұл әйелдің қайтара тұрмыс құруына түрткі болады. Әлбетте, бұл мәселе дін істері комитетінің қатаң бақылауында. Дегенмен, біз Қазақстан Конституциясы мен заңдарына сәйкес, ерлі-зайыптылардың діни тұлғааралық қарым-қатынасына араласа алмаймыз. Сонда да Комитет діни бірлестіктерге «неке қию» рәсімін тек жастар әуелі некесін АХАТ-та ресми заңдастырғаннан кейін ғана өткізу жайлы кеңес береді», делінген Дін істері комитеті берген түсініктемеде.

Сонымен, мешітке барып, неке қидырғысы келетін жастар не істеуі керек? Ең әуелгі талабын жоғарыда айттық. Егер неке куәлігін алып үлгермесе, жергілікті АХАТ-қа өтініш бергені туралы анықтамасын апаруға болады. Сосын мешіттің бас имамының атына арыз жазып, онда міндетті түрде неке қию күні мен уақытын көрсеткен жөн. Негізінде ата-анасы рәсімге қатысқаны дұрыс. Ал егер қатыса алмаса рұқсат беретінін жазбаша жазып, беріп жіберсін. Сондай-ақ, тағы бір маңызды шарт - некесі қиылатын жас жұбайлардың ғұсылы мен дәреті болсын.