Таласбек Әсемқұловтың «Талтүс» романы түрік тілінде жарық көрді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақ мәдениетінің біртуар тұлғасы, теңдесі жоқ өнер қайраткері, қаламгер-ойшыл Таласбек Әсемқұловтың шығармасы түрік оқырмандармен табысты, деп хабарлайды TRT ақпараттық агенттігі.
Анкарадағы Аднан Өтүкен атындағы кітапханада Қазақстанның көрнекті жазушыларының бірі, домбыра шебері және музыкатанушы Таласбек Әсемқұловтың өмірбаяндық «Талтүс» романының тұсаукесері өтті. Шараны «Көкту» қазақ мәдениеті қоғамы ұйымдастырды.
Роман қазақ халқының рухын, тарихын, музыкасын баяндауымен ерекшеленеді.
Кітапты жазушының серігі, әрі мәдениет танушы, ғалым, жазушы Зира Наурызбай таныстырды.

Шарада Таласбек Әсемқұловтың тек жазушы ғана емес, жан-жақты зиялы, күйші, домбыра шебері, композитор, кинодраматург, сыншы, өнертанушы, зерттеуші, кәсіби аудармашы екені баса айтылды.
Ал кітапты түрік тіліне аударған Торғын Сезгин ханым өз сөзінде аударма барысындағы шығармашылық ізденістері жайлы айтып, романды «түркі халықтарының ортақ рухани коды мен күй дәстүрін біріктіретін мәдени көпір» деп бағалады.
— Шебердің көзі тірісінде жарық көрген жалғыз романы «Талтүс» қазақ халқының рухын, тарихын, музыкасын терең сезімталдықпен жеткізеді. Онда Таласбек Әсемқұлов күйді — Жаратқанның үні саналатын киелі музыканы баяндау тіліне айналдырады. Роман жеке адамның оқиғасы ғана емес; сонымен бірге өткен ғасырдың ауыртпалығын, халықтың күнкөріс күресін, домбыраның қазақ тарихындағы киелі орны мен мәнді маңызын баяндайтын мәдени эпос, — деді романның аудармашысы сөз кезегінде.
Тұсаукесерге түріктің мәдениет, өнер және медиа өкілдері, түрлі бірлестіктер мен әдебиет сүйер қауым, сонымен бірге қазақстандық жастар қатысты.
Еске сала кетейік, бұған дейін Астанада «Ұлт аспаптар әлеміне саяхат» атты танымдық лекция-концерт өткені туралы жазған едік.