Талдықорған — Текелі тасжолында жүріп келе жатқан көліктің үстіне ағаш құлады
АСТАНА. KAZINFORM — Талдықорған — Текелі тасжолында жүріп келе жатқан жеңіл көліктің үстіне алып ағаш құлап, жүргізуші жарақат алды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға 21 шілде күні Қарабұлақ — Текелі автожолының «Өмір бұлақ» аумағында болған. Қатты желдің салдарынан ағаш жолдың үстіне құлап, қозғалып келе жатқан Toyota Camry автокөлігін басып қалған.
Көлік салонында бес адам болған. Оқиға салдарынан жүргізуші жарақат алды. ТЖД мәліметінше, көлікте қысылып қалған адамдар болмаған.
Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері оқиға орнына жедел жетіп, құлаған ағашты кесіп, жолды тазартты және көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етті.
Ескелді ауданы әкімдігінің хабарлауынша, зардап шеккен жүргізуші Ескелді аудандық орталық ауруханасына жеткізілген. Қазіргі уақытта оның жағдайы тұрақты деп бағаланып отыр.
Жетісу облысының ТЖД жүргізушілерді қатты жел кезінде ерекше сақ болуға, қауіпсіз жылдамдықты сақтауға және жолға ағаштар мен басқа да заттардың құлау қаупін ескеруге шақырды.
Еске салайық, бұған дейін Екібастұзда 19 шілдеде болған бұршақ пен дауылды желден кейін жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимін енгізу жоспарланып отырғаны хабарланған еді.