Талдықорғанда жер үйдегі газ жарылысынан тағы бір адам көз жұмды
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM- Талдықорған қаласында үй өртеніп, күйік шалған 7 адамның тағы біреуі ауруханада көз жұмды. Бұл туралы Жетісу облыстық денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді.

Қала іргесіндегі 3- ші бөлімшеде болған апаттан үйдің иесі мерт болғанын жазғанбыз.

Кеше түнде отбасының тағы бір мүшесі ауруханада көз жұмды. Жетісу облыстық денсаулық сақтау басқармасы қайтыс болғандардың ерлі- зайыпты екенін хабарлады.
- Бүгінгі күнге дейін зардап шеккен жеті адамның екеуі қаза болды. Олар ерлі-зайыпты. Реанимация бөлімінде денесінің 38-40 пайызын күйік шалған тағы 1 науқас жатыр. Оның жағдайы да өте ауыр деп бағаланып отыр. 4 науқастың жағдайы тұрақталып, олар травматология бөліміне ауыстырылды, - деді Жетісу облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Құзырлы орган өкілдері тарапынан да апатқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. «QazaqGaz Aimaq» АҚ- ы табиғи газ құбырлары тексерілгенін мәлімдеді.

- Үйдің аумағын және оған іргелес аумақты тексеру барысында газ қызметінің қызметкерлері су құбыры мен кәріздің аралас коммуникацияларының құдықтарында газдану белгілерін анықтады. Газдың ағып кету көзін нақтылау үшін жеке орта қысымды жерасты газ құбырының осьі бойымен, сондай-ақ «QazaqGaz Aimaq» АҚ пайдаланудағы төмен қысымды жерасты екі газ құбырын бұрғылап, тексеру жүргізілді. Бұрғылау ұңғымаларынан алынған сынамаларда газдың жоғары концентрациясы анықталды, - деді «QazaqGaz Aimaq» АҚ өкілдері.
Қауіпсіздік техникасы жөніндегі нұсқаулықтарға сәйкес, газ желілерін пайдалану және жөндеу қызметінің мамандары төмен қысымды жерасты газ құбырларының сапасын тексерді. Қазір газ желілерінде газ шығып жатқан жоқ, қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр. Еске салайық, осыған дейін ТЖМ құтқарушылары Маңғыстау облысында ер адамды құтқарғанын жазғанбыз.