Талдықорған әкімі инвесторларға қызмет көрсету бойынша қалалық орталық құруды тапсырды (ФОТО)
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорған қаласының әкімі Бағдат Қарасаев қалада инвесторларға қызмет көрсету орталығын құруды тапсырды. Бұл туралы шаһар басшысы Елбасының Жолдауына арналған қала активі отырысында хабарлады.
Шараға қалалық әкімдіктің құрылымдық бөлімдерінің басшылары, қоғам өкілдері, партиялық ұйымдар мен БАҚ шақыртылды.
Отырыста сөз сөйлеген қала әкімі Бағдат Қарасаев Президент Нұрсұлтан Назарбаев инвестицияларды тартуға негізделген жергілікті атқарушы органдардың қызметін бағалаудың жаңа жүйесін ерекше атап өткенін айтты. Осыған байланысты әкім қала экономикасына қаржы құюға ниет танытатын инвестициялық компаниялар мен жеке тұлғалар тап болатын қиындықтарды атады. Осыны ескере отырып, қала басшысы өзінің орынбасары Алмас Әділге және кәсіпкерлік бөліміне бір ай ішінде инвесторларға қызмет көрсету орталығының таныстырылымын дайындауды тапсырды. Аталған институт инвесторлардың құжат айналымын жеңілдетіп, облыс орталығының экономикалық тиімділігін арттырады.
Сонымен қатар әкім келер жылы мектепке дейінгі тәрбие беру саласында мемлекеттік-жеке серіктестікке көңіл бөлуді тапсырды.
Спикерлер қала басшысын қолдап, өз ұсыныстарын жасады.