Талдықорған-Текелі-Қарабұлақ-Үштөбе-Талдықорған жол бағыты бойынша автошеру өтеді
АСТАНА. 17 ақпан. ҚазАқпарат - 2011 жылғы 18 ақпанда Алматы облысында «Тілектер тізбегі» республикалық науқаны аясында Талдықорған-Текелі-Қарабұлақ-Үштөбе-Талдықорған жол бағыты бойынша автошеру өтеді.
Акция еліміздің барлық аймақтарында ұйымдастырылып, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында тілектер мен ұсыныстарды жинау арқылы, әлеуметтік саладағы белсенді әйелдерді жұмылдыруға бағытталуда, сонымен бірге, теңдестірілген гендерлік және отбасылық-демографиялық саясатты әрі қарай жылжытуды көздейді.
Автошеруге атқарушы және заң шығарушы биліктің үздік өкілдері, үкіметтік емес ұйымдардың көшбасшылары, бизнес құрылымдар қызметкерлері, білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет салаларының еңбек сіңірген қайраткерлері қатысады.
«Әрбір аялдамада әйелдер әр түрлі әлеуметтік маңызы бар және пайдалы шараларды өткізеді. Мәселен, Қазақстан Республикасында 2006 - 2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясын жүзеге асыру аясында әйелдерді саяси ілгері жылжыту жөніндегі дөңгелек үстел, мүмкіндіктері шектеулі балаларға арналған психологиялық тренинг, «Кітап сыйлау күні» әлеуметтік акциясы, Үштөбе қаласының балалар үйі тәрбиеленушілеріне арналған шеберлік сыныптары жоспарланған», - дейді автошерудің ұйымдастырушылары, Алматы облысының Азаматтық Альянсы өкілдері.