Талдықорған тұрғыны полицейлерге жасөспірім қызға шабуылдаған ер адамды ұстауға көмектесті
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Ұсталған 29 жастағы ер адам кәмелеттік жасқа жетпеген қыз балаға шабуыл жасады, сондай-ақ такси жүргізушісіне пышақ жарақатын салды деген күдікке ілінген.
Облыстық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, Талдықорған қалалық ІІБ-нің кезекшілік бөліміне көлік жүргізушісіне жасалған шабуыл туралы хабарлама келіп түскен. Жолақысын төлеуден бас тартқан мас клиенттерінің бірі оның мойынына пышақ жарақатын салғаны анықталды. Полицейлер күдіктіні бейнетаспалардың көмегімен анықтап, ұстау тобын жіберді.
«Полицейлер келгенше, іздеуде болған ер адамды жергілікті тұрғындардың бірі ұстап тұрған. Олар келіп жеткенде, ер адам күдіктіні тәртіп сақшыларына тапсырды», - деп атап өтті облыстық полициядан.
Қазіргі уақытта ер адам қамауға алынған. Аталған фактілермен сот алдындағы тергеу амалдары басталды.