Талдықорғанда әскери қолбасшы Иван Панфиловқа бюст орнатылды
«Қазақстан әскери қызметшілерінің бірнеше буыны үшін Иван Васильевич Панфилов аңызға айналған, жанқияр ерліктің және Отанын шексіз сүйген перзенттің үлгісі болып қала береді», - деді Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Мұхамеджан Таласов бюсттің ашылу салтанатында.
Шараға Ресейдің Мәскеу облысы Волокаламск қалалық округінің басшысы Михаил Сылка, Жетісу облысы мен Талдықорған қаласы әкімдігінің өкілдері, әскери бөлімдердің командирлері, Қарулы күштер мен Ауған соғысының ардагерлері қатысты.
«Алматы облысының аумағында орналасқан десанттық-шабуылдау құрамасы Иван Панфилов есімімен аталады. Дәл осы жерде 1941 жылдың жазында ел аузында «панфиловшылар» деп аталып кеткен 316-атқыштар дивизиясы құрылды. Бүгінгі күн – тарихи күн. Қорғаныс министрлігіне және бюст жасауға атсалысқан баршаға азаматтарға алғыс айтамын», - деді батырдың немересі, Мемлекеттік әскери-тарихи музейдің Алматы филиалы басшысы Алуа Байқадамова.
Салтанатты рәсімге қатысушылар Иван Панфиловтың бюстіне гүл шоқтарын қойып, батырдың рухына тағзым етті.
Фото: www.gov.kz