Талдықорғанда бүгін 80 отбасы қоныс тойын атап өтті
Облыс әкімі Серік Үмбетов Талдықорған тұрғындарына 80 пәтерлік коммуналдық үйдің кілттерін тапсырды, бұл - осы айдың ішінде мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша пайдалануға беріліп отырған екінші үй.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлауынша, коммуналдық үй бұрын қаңырап босап қалған жатақхана ғимараты қайта жаңғыртылып салынды. 1996-2000 жылдары мұнда тұрған адамдар коммуналдық қызметтері төлемдерін өтей алмай, үйді тастап кеткен. 2009 жылы тұрғын үйді қалпына келтіріп, жаңғыртуға қалалық бюджеттен қаржы бөлінген болатын.
С.Үмбетов жаңа қоныс иелерін құттықтап, олардың 21-іне пәтерлердің кілттерін тапсырды, қалған ордерлерді қоныстанушылар қалалық әкімдіктен алады. Мұнда мүгедектер, соғысқа қатысушылар, ауғандық жауынгерлер, тұрмысы төмен және толық емес отбасылары үйлі болды. Бұдан бұрын хабарланғанындай, қарашаның 12-сінде Талдықорғанда 2 көпқабатты несиелік тұрғын үйлер (20 және 40 пәтрлік) пайдалануға берілген болатын. Енді облыстық бюджет есебінен салынған тағы 2 үй (20 пәтерлік жалға берілетін үй мен 45 пәтерлік коммуналдық үй) желтоқсан айында пайдалануға берілмек. Облыс бойынша 5 мыңдай адам жаңа үйлер мен пәтерлерге ие болмақ.