Талдықорғанда Конституцияның 15 жылдығына арналған салтанатты шаралар өтуде
ТАЛДЫҚОРҒАН. Тамыздың 30-ы. ҚазАқпарат /Сандуғаш Дүйсенова/ - Талдықорғанның орталық алаңында Ата заңымыздың қабылдануының 15 жылдығына арналған салтанатты шаралар өтті.
Қолдарына көк байрақ ұстаған бозбалалар мен бойжеткендер орталық алаңда саппен жүріп өтті. Одан кейін сөз алған Алматы облысы әкімінің міндетін атқарушы Амандық Баталов жиналған қауымды мерекемен құттықтады.
- Біз бүгін егемен еліміздің жалпыхалықтық мерекесін - Қазақстанның тарихына ерекше жолмен жазылған Ата заңымыздың мерейтойын атап өтіп жатырмыз. 1995 жылы тамыздың 30-ында Қазақстан тарихында ел халқы тұңғыш рет қоғамның негізін қалаушы қағидаларды, конституциялық құрылыстың негіздерін, әрбір азаматтың құқықтық мәртебесін анықтады. Ата заңымыздың және оның негізгі кепілі - Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегінің арқасында - біздің еліміз қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылығын сақтап қалды, экономикалық жағдайды және халықтың тұрмысын нығайтты, халықаралық сахнада үлкен беделге ие болды», - деді өз құттықтауында Амандық Баталов.
«Конститцияның 15 жылдығы - бұл жаңа демократиялық жолдың, тәуелсіз, өркениетті, құқықты мемлекетті құрудың бастауы», -деп түйіндеді өз сөзін А.Баталов.
Салтанатты шараны өнер және еңбек ұжымдарының парады жалғастырды. Ал бүгінгі мерекелік бағдарлама кешке жастардың би кешімен және отшашумен қорытындыланады.