Талдықорғанда коронавируспен сырқаттанушылар саны төмендеуде
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорғанда коронавирус жұқтыру жағдайларының саны төмендеуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Пандемия басталғаннан бері қалада коронавирус инфекциясының 15 835 жағдайы тіркелді. Қазіргі уақытта эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасында Алматы облысы «жасыл» аймақта орналасқан. Сырқаттанушылық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда – 8 164,1 құрады.
Соңғы екі аптаның статистикасын қарасақ, COVID-19 өсу қарқыны 0,09%-дан 0,15%-ға дейін төмендеді. Соңғы тәулікте өңірде 3 жағдай тіркелді.
Бүгінгі күні қалада коронавирусқа қарсы профилактикалық егу бойынша жұмыстар жалғасуда.
«Ересек тұрғындардың арасында бірінші компонентпен– 70 246 (68,5%), екінші компонентпен – 67 303 (65,6%) адам егілді.
Жүкті әйелдерді, бала емізетін аналарды және жасөспірімдерді вакциналау бойынша бірінші компонентпен – 5151 (26,4%), екінші компонентпен – 4069 (20,9%) адам екпе алды.
Ревакцинациямен 22 754 (73%) адам қамтылды»,- делінген Алматы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.