Талдықорғанда құпия телефон қоңырауы пәтер ұрысын ұстауға септігін тигізді
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорғанда полицейлер пәтер ұрлығына қатысты сезіктіні тұрғындардың құпия қоңырауының көмегімен ұстаған. Күдікті жасырын қоңырау шалушы сипаттаған белгілері бойынша қолға түсті.
Жедел басқару орталығының қызметкерлері бейнебақылау камералары арқылы күдікті ер адамның ізіне түсіп, патрульдік полиция қызметкерлерінің көмегімен оны ұстаған.
Ұсталғанның сөмкесінен пәтерден ұрланған заттар - бейнекамера, фотоаппарат, зергерлік бұйымдар мен 190 мың теңге көлемінде қаражат табылды. «2014 жылы қазанда өңірде «Көршінің қадағалауы» жобасы жүзеге асырыла бастаған соң заң бұзу мен қылмыстар жөніндегі тұрғындардың телефон арқылы хабарлауы, соның ішінде жасырын қоңырау шалулар көбейді. Соңғы қоңыраудың көмегімен пәтерді тонаған сезікті ұсталды. Ұрланған заттар иесіне қайтарылды», - деді Талдықорған қаласының ІІБ-нің бастығы Ерлан Сансызбаев мұндай қоңыраулардың құпиялылығы сақталатынын жеткізе отырып.