Талдықорғанда облыс еңбеккерлеріне құрмет көрсетілді (ФОТО)
Кездесуде облыс әкімі Амандық Баталов еңбек ардагерлеріне аймақ экономикасының берік іргетасын қалап, орындарына лайықты ізбасарларды қалдырып кеткені үшін алғысын білдірді.
«Кәсіби мереке - Еңбек күнінде ең ізгі тілектерімді қабыл алыңыздар! Бізді қоршап отырғанның бәрі - әрбір адамның күнделікті, кейде көзге байқалмайтын, бірақ өте маңызды және орнын ауыстыруға болмайтын еңбегінің жемісі, Бұл мереке күні біз халық пен мемлекет игілігі үшін еңбек еткен және жұмыс істеп отырған барлық адамдарға үлкен алғысымызды білдіріп,құрмет көрсету мүмкіндігіне ие болып отырмыз», - деді облыс әкімі А.Баталов.
Мерекелеу аясында еңбек жолында жоғары нәтижелерге қол жеткізген барлық адамдарды марапаттау рәсімі болып өтті. Шара барысында Қапшағай қаласындағы интернат үйінде ұзақ жылдар бойы күтуші болып еңбек еткен Валентина Трондина, облыстық еңбек инспекциясы бөлімін басқарып отырған Сейсенбек Іңкәрбеков Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.
Сондай-ақ Облыс әкімінің «Еңбек әулеті», «Еңбек ардагері» және «Өз кәсібінің үздігі» үш аталымы бойынша Құрмет грамоталарымен марапаттауы өтті.
Кездесу Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның үздік әншілері және шығармашылық ұжымдарының қатысуымен өткен мерекелік концертпен аяқталды.