Талдықорғанда оқушылар Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі далалық лагерге барып қайтты
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР ҚК ӘҚК Әскери әуе күштерінің әскери қызметшілері арнайы талдықорғандық оқушылар үшін далалық лагерь құрды. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Жас өспірімдер Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі тарихи қарулар мен әскери техникалардың нұсқаларымен танысты. Шара барысында Талдықорған қаласының Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп оқушылары сахналанған концерттік бағдарлама әзірледі. Олар соғыс эпизодтары мен шайқастардан қойылым көрсетіп, әскери-патриоттық әндер шырқады. Оқушылардың өнерін Ұлы Отан соғысының ардагерлері, құрметті қонақтар тамашалап, оның тәрбиелік мәніне және 1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдық мерейтойы қарсаңындағы маңызын ерекше атап өтті. Бұл орайда, қазақстандық өскелең ұрпақтың бейбітшілікті сақтау, оны қастерлеу үшін Ұлы Отан соғысының тарихын, жеңістің қандай жолмен келгенін ұдайы білуі маңызды.